Таразда тозығы жеткен үйлер күрделі жөндеуден өтуде

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат –Тараз қаласында ескірген 80 көпппәтерлі тұрғын үйді келесі жылы күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалаларда орналасқан көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеу мәселесі көп жылдардан бері күн тәртібінен түспей келді. Шатырдан су ағып, жертөлелер істен шығып, жергілікті жұртшылықтың шамына тигені жасырын емес. Кейінгі жылдары бұл түйткілдер тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртудың мемлекеттік бағдарламасы аясында, кейінірек өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы шеңберінде қарқын ала түсті. Бүгінде тараздықтар да бұл бағдарламалардың тиімділігін көре бастады десек қателеспейміз.

Айта кетейік, ағымдағы жылы Тараз қаласында барлығы 989,6 миллион теңгеге ескірген 25 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның 540 миллион теңгесі қала бюджеті есебінен қарастырылса, қалған қаражат алдыңғы жөндеу жұмыстары жүргізілген үйлерден қайтарым қаржы есебінен.

Солардың бірі ретінде қаланың «Ақбұлақ» шағынауданындағы №9, №17 үйлердегі жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарын айтсақ та болады. Аталған тұрғын үйлер 1966 жылы салынған, 5 қабатты, 70 пәтерлі. Өз кезегінде тұрғын үйлердің шатырлары, жылу, ыстық және мұздай су, кәріз, электр жүйелері ауыстырылып, кіреберістері күрделі жөндеуден өтуде. Жөндеу жұмыстарының жалпы құны 292 945 мың теңгені құрайды.

«Ағымдағы жылы Тараз қаласында барлығы 989,6 миллион теңгеге 25 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 540 млн теңге қала бюджеті есебінен болса, қалған қаражат алдыңғы жөндеу жұмыстары жүргізілген үйлерден қайтарым қаржы есебінен. Бүгінгі таңда қала бойынша барлығы 1298 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның ішінде бүгінгі күнге 300-ге жуық үй күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді»,-дейді облыс әкімдігінің құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдарбеков.

Басқарма басшысы келер жылға 3,4 миллиард теңгеге 80 үйдің жөндеу жұмыстары жоспарланып отырғанын жеткізді. Ол үшін республикалық қазынадан қаражат бөлуге Құрылыс комитетіне бюджеттік өтінім тапсырылған.

Соңғы жаңалықтар