Таразда сыйымдылығы 50 мың тонна көтерме-тарату орталығы салынып жатыр

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында жуық арада жаңа сауда үйі және 2 көтерме-тарату орталығы ашылады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев нысандардағы жұмыстармен танысып, кәсіп иелерін алаңдатқан мәселелерді тыңдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тараз қаласындағы Төле би көшесінде орналасқан «Grand Passage» сауда үйі ашылған соң, жаңа жұмыс орыны пайда болып, жергілікті бюджетке қаражат түседі деп күтілуде. Мұнда азық-түліктің, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар өнімдердің көтерме саудасына ең үлкен аумақ берілетіндіктен, баға тұрақтылығын сақтауға арналған логистикалық орталық қызметін де атқармақ. Бұл жердегі көтерме сауда Тараз ғана емес, бүкіл облыс халқын қолжетімді бағадағы сапалы, сондай-ақ сертификатталған тауармен тұрақты әрі жыл бойы қамтамасыз етеді. Сауда үйінің жалпы аумағы 50 мың шаршы метрге жуықтайды. Кешен бір мезгілде екі мыңнан астам келушіні қабылдай алады деп жоспарлануда. Бұл туралы сауда үйінің басшысы Айбек Нұрәлиев айтып берді.

Аймақ басшысы ғимарат ішіндегі санитарлық жағдай, қауіпсіздік және сауданы ұйымдастыру шараларына баса мән берді.

Бұдан соң Б.Сапарбаев көтерме-тарату орталықтарының құрылысына ат барды.

Салынып жатқан көтерме-тарату орталықтары өнімді өндірушілерден сатып алып, еш бұзбастан ұзақ уақыт сақтауға міндетті. Орталықтың алғашқысы Таразда, ал екіншісі Байзақ ауданында орналасқан.

Көтерме-тарату орталығы базарлар, дүкендер, мейрамханалар және басқа да бизнес орындары үшін азық-түлік тауарларының көтерме саудасын ұйымдастырады. Осылайша, делдалдық әрекеттерді жойып, жергілікті тауарөндірушілер өнімдерінің кепілді сатылымын қамтамасыз ету арқылы тауарлардың құнын төмендетуге болады.

Қазірдің өзінде «Тараз» көтерме-тарату орталығы қоймаларының бірі толықтай жабдықталған. Мұндай қоймаға бес мың тоннаға дейін өнімді сыйғызуға болады. Дәл осындай он қойма салынбақ. Онда тауарлар озық техникалар мен салқындату технологиясының арқасында сапасын әлдеқайда ұзақ сақтай алады.

Мұндағы барлық он қойманың құрылысын аяқтап, іске қосу үшін кәсіпкерлерге 10 млрд теңге қажет. Жобаға 500 миллион теңге қаржы құйылды, ал қалған қаражат субсидиялау мүмкіндіктерін пайдалана отырып алынады деп күтілуде.

Ал, Байзақ ауданындағы «Jambyl Logistics БСО» сақтау қоймалары толығымен дайын. Басқарушылардың айтуынша, тек бір проблемалық мәселе өзекті болып тұр, яғни электр қуатының шамасы тым аз. Бұл проблема алдағы екі аптада шешімін табатын болды.

– Қазір жабдықтардың сапасы мен аймақты өніммен толық қамтамасыз ету үшін қоймаларды дайындау басты мәселе болып отыр. Қажетті температура мен желдету жүйесі жамбылдық фермерлердің қорын ұзақ уақытқа консервілеуге мүмкіндік береді. Ақпан айында картоп бағасының аспандап кеткені естеріңізде болар. Сондықтан осындай жағдайдың алдын алу үшін өнімді сапалы сақтауды ұйымдастыру қажет, – деді облыс әкімі.


Соңғы жаңалықтар