Таразда «Сергек» камералары орнатылып жатыр

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында қауіпсіз жол қозғалысын ұйымдастыруға бағытталған заманауи техникалық құралдар орнатылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл басынан бері облыста 707 жол-көлік оқиғасы тіркелді, соның салдарынан 133 адам қаза тауып, тағы 1063 адам түрлі жарақаттар алған. 175 жол-көлік оқиғасы республикалық маңызы бар жолдарда, 102-сі – жергілікті жолдарда, 430-ы – елді мекендер көшелерінде орын алған», - деп баяндады Жамбыл облысы әкімдігінің Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков.

«Өңір күре жолдарында апат қаупі бар 22 аймақ анықталған. Алайда жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі – жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін сақтамауы. Апаттарға көбіне жылдамдықты асыру, маневр жасау, жолдың қарсы жолағына шығу себеп болып отыр», - деп атап өтті Б.Жәнібеков.

Аймақтық коммуникация қызметінен атап өткендей, өңірде жол инфрақұрылымын жақсарту үшін құзыретті органдармен бірлесіп қауіпсіз жол қозғалысын ұйымдастыру бойынша заманауи техникалық құралдарды енгізу жоспары құрылды. Бұл – республикалық маңызы бар жолдарда шуыл жолақтарын салу, жолаушылар өткелдерінде жарықтандыру модульдерін, көлік құралдарының бұрылыс орындарында, өтпежолдарда жол буферлерін, жолдың бөлінген алаптарында жарықдиодты катафоттар мен жарық шағылыстырушы құралдар орнату, апат қаупі бар учаскелерде шетелде қолданылатын жарық шамшырақтарын ілу.

«Биыл Таразда құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында «Сергек» кешенінің бейнебақылау камералары орнатылады. Жоба аясында 450 нысанда қоғамдық тәртіпті бақылайтын 1250 камера, жол қозғалысын қадағалайтын 48 камера орнату қарастырылған. Ілкі жобаға сәйкес, бүгінде қаладағы әуежайдан Тұңғыш Президент саябағына дейінгі он нысанда камералар орнатылған. Бұл шараларды 2022 жылдың бірінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр», - деп ақпараттандырды спикер.

Б. Жәнібеков күре жолдарды сақтап қалу және оларда ауыр жүк таситын көліктердің бақылаусыз қозғалысын болдырмау үшін арнайы қадағалау шаралары ұйымдастырылып, тексеру рейдтері өткізіліп жүргенін атап өтті. Биылғы жылдың басынан бері рейд барысында ауыр жүк таситын 4 608 көлік құралы тексерілген. 943 әкімшілік хаттама толтырылып, 23,2 млн теңге айыппұл салынған, деп атап өтті спикер.


Соңғы жаңалықтар