Таразда пандемия салдарынан автобус тасымалы 46 пайызға қысқарған

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Пандемия салдарынан Тараз қаласындағы қоғамдық көлік қызметі 46 пайызға кеміген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі таңда Тараз қаласы күнделікті 230 автобус 29 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Ал, бұған дейінгі тұрақты кезеңде 42 бағыт бойынша күнделікті 425 автобус қоғамдық тасымалдаумен айналысып келген.

Бұл туралы бүгін ӨКҚ ақпарат алаңында Жамбыл облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков айтты.

Сала басшысының сөзінше, карантин кесірінен қаладағы 10 тасымалдаушы мекеме қаржылай қиындық көріп отыр.

Сондықтан бүгінде жергілікті бюджеттен тасымалдаушыларға субсидия беру қарастырылып жатыр.

«Пандемия басталғалы оқу орындары мен балабақша қызметкерлері, студенттер мен оқушылар қашықтан оқытуға көшкені белгілі. Соның салдарынан қалада жолаушылар ағымы 2 есеге дейін төмендеген. Ал автобус саны азайғандықтан кешкі рейсті орындамау деректері кездесіп жатыр»,-деді Б.Жәнібеков.

Сондай-ақ, басқарма басшысы биыл 28 қыркүйектен бастап енгізілген электронды билеттің қаншалықты сұранысқа ие екенін атап өтті.

«Көлік картасын сататын қаладағы 15 пунктіде алғашқы кездегідей ұзын-сонар кезек жоқ. Қалада 106 563 бірыңғай, 22 149 оқушы картасы сатылды. Ал қазір сатылымда 26 837 бірыңғай, 24 851 оқушы картасы бар. Бүгінде 14 600 бірыңғай картаға тапсырыс бердік», — деді спикер.


Соңғы жаңалықтар