Таразда мүмкіндігі шектеулі жан дөнер жасайтын дәмхана ашты

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – «Жас кәсіпкер» білім бағдарламасы жас азаматтарға өз кәсібін ашуға көмектеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында айтылғандай, «Жас кәсіпкер» жобасының арқасында 24 жастағы Еламан Абсет қоғамдық тамақтану орнын ашсам деген арманын орындады. «Жас кәсіпкер» жобасы бірінші тобының түлегі 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант жеңіп алып, оған дөнер жасайтын құрылғы сатып алған.

«Жас кәсіпкер» бағдарламасын оқу барысында өзіме қажетті көп білім жинадым. Бұл жобаның мүмкіндігі шектеулі жандарды ерекше қолдайтыны қуантады. Ұтып алған грант ақшасына бір ай бұрын донер жасайтын жылдам тамақтану орнын аштым. Жиһаз, ыдыс және сол сияқты басқа да дүниелерді сатып алу үшін өз қалтамнан да қаражат шықты. Қазір кәсібім даму үстінде, алғашқы клиенттерім - жақындарым мен достарым болды», - дейді жас кәсіпкер.

«Еламан келесі жылы кәсібін дамытумен қатар, Аяжан есімді ақылды және әдемі қызбен отбасын құруды да жоспарлап отыр, - дейді Жамбыл облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің өкілі Ақбота Батырбекова. – Жастар бір жарым жыл бойы қол ұстасып, бір-біріне қолдау көрсетіп келеді. Естеріңізге сала кетейін, «Жас кәсіпкер» пилоттық жобасы - 18 бен 29 жас аралығындағы жастардың кәсіпкерлігін дамыту мен қолдауға арналған бағдарлама. «Жас кәсіпкер» білім бағдарламасы танымал әрі тиімді «Бастау» жобасы аясында жүзеге асырылуда. Қазіргі күні облыс бойынша 1000 адам білім алып, оның 320-сы грант иегері атанған».

«Ары қарай өсіп, кәсібімді дамытқым келеді. Жеңілдікпен несие алып, әлеуметтік бағдарламаларға қатысу жоспарда бар» , - дейді жас кәсіпкер Еламан Абсет.

Соңғы жаңалықтар