Таразда мас күйінде автобус айдаған жүргізуші ұсталды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тараз қаласында жолаушылар мінген қоғамдық көлікті басқарып келе жатқан мас жүргізуші анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

17 қазан күні таңғы сағат 8-де жамбылдық полицейлер «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасының соңғы күнінде Вокзал маңы көшесінде қоғамдық көліктің техникалық жағдайының сәйкестігін тексеру үшін №40 маршруттық автобусты тоқтатқан.

Жүргізушімен сөйлескен кезде полицейлер мүңкіген алкогольдің иісін сезеді. Алдымен ауру тісінен иіс сезетінін айтып ақталған азамат көп ұзамай кешкісін екі сыра ішкенін мойындады. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Жүргізуші медициналық куәландырудан бас тартқан жоқ. Медициналық сараптама мас болу дәрежесін көрсетті. Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК 608-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Енді ол үш жылға көлік жүргізу құқығынан айырылуы мүмкін»,-дейді Тараз қаласы ІІБ патруль полициясы батальоны командирінің орынбасары, полиция капитаны Нұржан Керебаев.

Кейін анықталғандай, ер адам бұған дейін 13 рет жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, жол-техникалық инспекция бөлімі аталған факті бойынша автобус тиесілі заңды тұлғаға қатысты тексеру жүргізді.

Соңғы жаңалықтар