Таразда коронавируспен ауырғандар арнайы орталықта оңалтудан өтіп жатыр

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы коронавирустың екінші толқынына жан-жақты дайындық шараларын жүргізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысында COVID-19-бен ауырған науқастарға арналған 120 төсектік еліміздегі алғашқы оңалту орталығы ашылып, жұмыс істеуде. Мекеме - облыстық «Ана мен баланы аялау» орталығының филиалы. Онда барлығы 75 маман еңбек етеді.

Орталық 2,1 млрд теңгеге заманауи медициналық техникамен және оңалту құралдарымен жабдықталған. Бүгінге дейін барлығы 400-ге жуық емделуші оңалту курсынан өтсе, оның ішінде медицина қызметкерлері де бар.

«Мұнда науқастарға тек оңалту ғана емес, психологиялық көмек те көрсетіледі. Оларды тар бейінді мамандар тексереді. Ауруының жеңіл немесе ауырлығына байланысты оларға физиотерапия, кинезитерапия, аэрозоль терапиясы тағайындалады», - дейді бас дәрігер Динара Кәрібаева.


Жалпы, облыс бойынша пандемиямен күресу үшін 11,1 миллиард теңге бағытталған. Атап айтқанда, медициналық ұйымдарды жабдықтауға 4,7 млрд.теңге бөлініп, 55 жедел жәрдем көлігі, 4 компьютерлік томография, 97 өкпені жасанды желдету аппараты, 4 цифрлық рентген аппараты, 2 EКMO құрылғысы (экстракорпоральды мембрана оттегі), 100 көпфункционалды және реанимациялық кереуеттер алынған. 4 ауруханада оттегі станциялары орнатылды.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында шалғай ауылдарға медициналық көмек көрсету үшін республикадан 8 «мобильді емхана» бөлінген.

КВИ-мен күреске қатысқан 4 мыңға жуық медициналық қызметкерге 3,4 миллиард теңге көлемінде сыйақы төленген.

Тараз қаласындағы перинаталдық орталық пен Рысқұлов ауданындағы туберкулезге қарсы диспансердің ғимараты жөнделіп, 350 орындық инфекциялық аурухана болып қайта жабдықталды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жалпы өңір бойынша 4 530 орынға арналған төсек қорын, оның ішінде 453 реанимациялық төсек-орын ашу жоспарланған.

Пандемиямен күреске 7 мыңнан астам медицина қызметкері тартылмақ.

Сонымен қатар, жас мамандардың, медициналық жоғары оқу орындарының студенттерінің арасынан, сондай-ақ С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетімен меморандум аясында 280 дәрігерден тұратын резерв жасақталыпты.

Бірыңғай дистрибьюторлармен медициналық ұйымдар 11,8 млрд.теңгеге дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілген.

Коронавирусты емдеуге арналған дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың екі айлық қоры қалыптастырылған.

Эпидемияға дейінгі кезеңде 350 мыңға жуық адам немесе облыс тұрғындарының 30 пайызы тұмауға қарсы екпемен қамтылған.


Соңғы жаңалықтар