Таразда қоғамдық көліктерде электронды билеттендіру жүйесі енгізілді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тараз қаласында қоғамдық көліктерге электронды билеттендіру жүйесі енгізілді,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Таразда 8 қазаннан бастап «TulparCard» электронды төлем карталарын алмаған жолаушылар үшін қоғамдық көліктерде жол жүру ақысы 130 теңге, оқушылар үшін 65 теңге болып белгіленді. Аталған электронды картаны сатып алған жағдайда жол ақысы ересектер үшін 65 теңге, оқушылар үшін 30 теңге көлемінде болады. Аталған карталарды сату және теңгерімге толтыру бойынша 16 пункт ашылған.

Тараз қаласының әкімі Асхат Есеналиевтің айтуынша, Тараз қаласындағы қоғамдық көліктерге электронды билеттендіру жүйесін енгізудің жұмыс жоспары бекітілген және жұмыс жоспарына сәйкес төмендегі жұмыстар атқарылуда.

«Бүгінде Тараз қаласы әкімдігінің дифференциалды тарифті бекіту туралы қаулысы бекітіліп, Әділет органдарында тіркелді. Қаулыға сәйкес электронды жолақысын төлеу үшін тариф көлемі – 65 теңге, қолма-қол төлеу тариф көлемі – 130 теңге болып белгіленді. Жолақысын төлеудің автоматтандырылған жүйесінің жұмысына қажет барлық құрылғыларды (терминалдар, валидаторлар және басқа да қосалқы бөлшектер) өндіруші зауытпен келісімшарт жасалған»-деді А.Есеналиев.


«Орталық диспетчерлік қызмет» ЖШС директорының орынбасары Мирас Сәдуақасовтың баяндауынша, Qiwi төлем терминалдары арқылы карталарға теңгерім толтыру мүмкіндігі іске қосылған. Алдағы уақытта Касса-24 терминалдары және бірқатар банктердің мобилді қосымшалары арқылы теңгерім толтыру мүмкіндігін қосу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, жүйенің ресми ақпараттық веб-сайты әзірленіп, қолданысқа берілді. Қазіргі уақытта жүйенің атауы «tulparcard» деп өзгеруіне байланысты веб-сайтта қайта өңдеу жұмыстары жүргізілуде екен. Сайт арқылы карталарға онлайн режимде тапсырыс беруге болады. Ол үшін барлық қажетті ақпарат (фото, аты-жөні, ЖСН) ұсынып, банктік карта арқылы төлем жасау қажет. Дайын болған картаны қызмет көрсету орталығынан алады.


Соңғы жаңалықтар