Таразда қатты желден 18 көпқабатты үй, 16 мектеп және 4 балабақшаның шатыры ұшқан

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат –Тараз қаласындағы қатты дауылдың салдарынан 18 көпқабатты тұрғын үйдің 16 мектеп пен 4 балабақшаның шатыры ұшып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысы аумағында ағымдағы жылдың 17 қарашасында 38 метр/сек жылдамдықпен дауылды жел соғып, Тараз қаласы бойынша 18 көпқабатты тұрғын үйдің 5-200 шаршы метр және 16 мектеп, 4 бөбекжай-бақшаның 50-300 шаршы метр шатырлары және 4 балабақшаның қоршауы зақымдалған. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.


«Қала көшелерінде 18 электр бағанасы құласа, 1,5 шақырым электр желілері үзілді. Жылу беруші кәсіпорындардағы 5 кіші қазандықта электр желілерінің зақымдалуына байланысты, жылу беру уақытша тоқтатылды.

Қала көшелерінде 45-тен аса үлкенді-кішілі талдар, 12 аялдама құласа, 32 бағдаршам істен шыққан.

Қала бойынша 34 билборд, 9 пилонның баннерлері мен 64 жалауша жыртылып, зақымдалды. Пилондардың 2 дана конструкциясы мен 4 билбордтын конструкциялары кұлады»,-делінген хабарламада.

Сонымен қатар Тастақ, Кірпіш зауыт, Қызыл-Абад, Көлтоған алқаптарында, Желтоқсан-Қонаев көшелерінің қиылысында, Әйтеке би көшесі №11 үйдің маңындағы 6 спорт алаңшаларының қоршаулары мен төсенділері зақымдалған.

Барлық мектептердегі оқушылар сағат 10.00-де үйлеріне қайтарылып, оқу процессі онлайн жүйеге ауыстырылды.

Қала әкімдігінің хабарлауынша, қазіргі таңда құлаған ағаштарды кесу және аумағын тазалауға «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-мен 6 бригада тартылып, жұмыстар атқарылуда.

Электр жүйелерін қалпына келтіру жұмыстарына «ЖЭС» ЖШС мен Тараз қалалық электр жүйесі тарапынан 21 бригада жұмылдырылып, қайта қосу жұмыстары жүргізілуде.

Барлық коммуналдық кәсіпорындар мен мекемелер күшейтілген режимде жұмыс жасауда.

Еске салайық, бүгін Жамбыл облысында қатты дауыл соғып, салдарынан Тараз қаласында нысандардың жартысынан көбі электр жарығынан ажыратылды, электр тасымалдау желілері істен шықты, көптеген ғимараттың шатыры жұлынып, ағаштар құлады, автомобильдер бүлінді.

Дауыл салдарынан қазіргі уақытта бірқатар аудан жарықсыз және көгілдір отынсыз отыр.

Осы уақытқа дейін қарлы боранда жолда қалып қойған 26 адам құтқарылды.

Сондай-ақ бүгін Түркістан облысында боран салдарынан 44 елді мекен жарықсыз қалып, жолдар жабылды.

Бұдан бөлек, Шымкент қаласында 23 бағыт бойынша электр энергиясын беру тоқтатылды. Мектептер онлайн оқуға ауыстырылды.



Соңғы жаңалықтар