Таразда баспана кезегінде тұрған 80 отбасына пәтер кілті тапсырылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат –Таразда Тұңғыш Президент күні қарсаңында кезекте тұрғандарға жаңа пәтерлердің кілті табысталды. 80 пәтерлік ғимарат «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған,-деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері, оның ішінде балалар үйінің түлектері, толық емес отбасылар және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар баспаналы болды. Қоныс тойын тойлағандардың қатарында ҰОС ардагерлеріне теңестірілген адамдар мен бюджет қызметкерлері де болды.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тұрғындарды қуанышымен құттықтады.

«Баспана мәселесі - әр адам үшін маңызды. Қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы», «7-20-25» бағдарламалары іске асырылуда. 32 мыңға жуық тараздық тұрғын үй кезегінде тұр. Биыл мыңға жуық пәтер, сондай-ақ аз қамтылған отбасылар үшін 180 пәтерлі жатақхана пайдалануға берілді»,- деп атап өтті облыс әкімі.

Любовь Титоренко пәтерге ҰОС ардагеріне теңестірілген адам ретінде қол жеткізген.

«Бүгін мен үшін ең бақытты күн, өйткені баспаналы болдым», - деп ағынан жарылды ол.

Тараздың тағы бір тұрғыны Назира Әбдірайым жалғызбасты ана ретінде кезекте тұрған.

«Шынымды айтсам, пәтер кілтін аламын күтпеген едім. Міне, енді менің де өз үйім бар. Қуанышымды қалай жеткізерімді де білмей тұрмын. Атсалысқандардың бәріне рахмет», - деп әсерімен бөлісті Назира Әбдірайым.

Осылайша жаңа бесқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Мұнда барлық инженерлік коммуникациялар жүргізілген.

Айта кетейік, үй жаңа 15 шағын ауданда орналасқан. Онда бірден бірнеше тұрғын үй салынуда.

Қазір облыста 65 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүзеге асуда десек, оның 50-ден астамы Таразда.

Биыл 3146 пәтерлі 57 үй пайдалануға берілмек, 41-і «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бой көтеріа жатыр.

Жыл қорытындысымен 615 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда.


Соңғы жаңалықтар