Таразда «Анаға тағзым» орталығының құрылысы басталды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тараз қаласында «Анаға тағзым» монументі мен орталық бой көтеретін болады. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев облыс орталығын кезекті рет аралау барысында аталған нысандардың құрылысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тараз қаласы жақын уақытта мектептен тыс шығармашылық орталығымен толықпақ. Оның құрылысы басталып, іргетасын құю үшін шұңқыр қазылып қойған.

Мердігерлермен құрылыс алаңында жолыққан аймақ басшысы қосымша білім нысанының мерзімінде аяқталу керектігін тапсырды.

Орталыққа жақын аумақта «Анаға тағзым» атты монумент пен орталық бой көтермек. Бұл нысан балалары үшін барын салған батыр аналарға құрмет көрсетудің нышаны болмақ.

Онда ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүріміз дәріптеліп, жастарға өнегелі өмір сүрген, ерлігімен есте қалған танымал әйелдер, белгілі тұлғалардың аналары туралы кең мағлұмат берілетін болады.

Белгіленген орынның жанында аурухана орналасқан. Бердібек Сапарбаев монумент пен маңындағы үш қабатты ғимараттың сырт келбеті айналасындағы нысандармен үйлесімді болуы керектігіне мән берді.

Жоспарға сай, құрылыс келер жылдың наурызында аяқталуы керек.


Соңғы жаңалықтар