+7 (701) 759 90 19
USD 433.15 EUR 515.06
RUB 5.61 CNY 66.06
Jańalyqtar

Таразда Алғыс айту күніне орай 1 мың түп ағаш отырғызылды

2021 жылғы 1 наурыз 23:48
Бөлісіңіз:
Таразда Алғыс айту күніне орай 1 мың түп ағаш отырғызылды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Алғыс айту күніне орай Тараз қаласындағы «Қазақ халқына мың алғыс» монументінің маңында мерекелік шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мерекелік шараға жиналғандар алдымен жүздеген этнос өкілдерін құшағына басқан қазақ халқының бауырмалдығын айшықтайтын «Қазақ халқына мың алғыс» монументіне гүл шоқтарын қойды.

Айта кету керек, салтанатты шаралар барысында барлық санитарлық талаптардың сақталуына аса мән берілді.

Аймақ басшысы өзінің құттықтау сөзінде Алғыс айту күні – бірлік, келісімнің және өзара сыйластықтың жарқын мерекесі екендігін айрықша атап өтті.

«Тәуелсіздік жылдарында біз басты байлығымыз – бейбітшілігіміз бен ынтымағымызды одан әрі нығайта түстік. Ал бұл өз кезегінде еліміздің экономикалық дамуының негізі болып табылатын тұрақтылығымыздың кепілі болып табылады. Әрбір азамат ұлттар достығын нығайтуға өз үлесін қосуы тиіс. Осы орайда мен Алғыс айту күні коронавирус пандемиясының қиын сәттерінде халыққа көрсеткен көмек-қолдауы үшін барлық этномәдени бірлестіктер мен облыс жастарына алғысымды білдіргім келеді. Осындай күрделі кезеңнен аман-есен өтуі үшін біздің бірлікте болуымыз аса маңызды. Облыс басшылығы атынан барша жамбылдықтарды Алғыс айту күнімен құттықтаймын! Барлық қуаныш пен қиындықта бір-бірімізге әрдайым демеу болып, елімізде және әр шаңырақта тыныштық орнап, береке-бірлігіміздің артуын тілеймін»,- деді Б.Сапарбаев.

Этномәдени бірлестіктер өкілдерінің атынан «Тараз қаласының өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдурахман Зайнутдинов сөз алып, орамды ойларын ортаға салды.

«Алғыс айту күні мерекесі – кезінде бізге құшағын айқара ашып, бауырына басып, қолындағы барымен бөліскен қазақ отбасыларына деген құрметіміздің белгісі деп түсінеміз. Олар өздерінің жағдайы аса жақсы болмаса да, бізді кеудемізден итеріп, далаға қалдырған жоқ. Мұның бәрі халықтар достығын нығайтуға ықпал етеді. Бүгін мен ыстық пейілі мен қолдауы үшін қазақ халқына алғысымды білдіргім келеді», - деді ол.

№34 орта мектептің директоры, дүнген этномәдени бірлестігінің белсендісі Динара Нұралиева да арнайы лебізін жеткізді.

«Мен елімізді мақтан тұтамын, өйткені, жүздеген ұлт өкілдерінің мамыражай мекеніне айналған Қазақстаннан бүгінде барша әлем елдері үлгі алуда. Солардың ішінде біздің дүнген ұлты да бар. Біз қазақтардың ата-бабаларымызға танытқан қонақжайлығын ұмытпауымыз керек. Біздің болашақ ұрпақ алдындағы парызымыз – бізге дейін бүлінбей жеткен бейбітшілік пен келісімді сақтап қалу», - деді ол.

Мерекелік шаралар этномәдени бірлестіктердің халық шығармашылығы және ұлттық тағамдар көрмесімен жалғасты. Келушілер Жамбыл облысында тұратын этностардың дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарымен танысуға, сондай-ақ ұлттық тағамдарынан дәм татты.

Сондай-ақ, шара қонақтары Алғыс айту күніне орай «Арбат-1» аллеясына ағаш отырғызу рәсіміне қатысты.

Мереке күндері облыс орталығының аумағында барлығы 1000 түп ағаш отырғызылды десек, бұл «қазақ халқына мың алғыс» түсінігінің маңызын арттыра түскендей.

Ағаш отырғызуға аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев та қатысты.

Облыс әкімі этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен бірге шырша көшеттерін отырғызып, су құйды.

Мәңгі жасыл ағаш саналатын өсімдік – мәңгілік бейбітшілік пен Қазақстан халықтарының достығын бейнелейді.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Сая Сембай

Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059
REDAKTOR
Үмбет Шолпан
Үмбет Шолпан
954-059

MURAǴAT