Таразда алғаш рет ми қантамыры зақымдалған науқасқа ота жасалды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тараза қаласында алғаш рет белгілі нейрохирург, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Мыңжылқы Бердіқожаев ми қантамыры зақымдалған науқасқа ота жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласындағы Орталық клиникалық ауруханасының нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі, республикамызға белгілі нейрохирург, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Мыңжылқы Бердіқожаев Тараз қалалық көпбейінді ауруханасы келіп, «Ми тамырларының аневризмасы мен артериовенозды мальформациясын емдеу» бойынша шеберлік сабағын өткізді.

Шара барысында Тараз қаласында алғаш рет арнайы ангиографиялық кабинетте Тараз қаласының 24 жастағы тұрғынына ота жасалды.

Науқас қалалық көпбейінді ауруханасына церебровоскулярлық ауру түрімен ауыр дәрежедегі қайталанған геморрагиялық инсульт, оң жақ маңдайдағы жедел миішілік гематом, артериовеноздық мальформация диагнозымен ауыр халде түскен. Бұрын мұндай науқастар ота жасату үшін еліміздегі арнайы клиникалық орталықтарға, шет елге баратын.

Шеберлік сабағында Жамбыл облысы дәрігерлеріне отаның әдіс-тәсілдері, одан кейінгі күтім, ем-шара жолдары туралы айтылып, тәжірибелік ота көрсетілді. Алдағы уақытта мұндай пациенттердің алысқа бармай, Тараз қалалық көпбейінді ауруханасында да емделуге мүмкіндігі бар.

«Мұндай аурумен ауыратын науқастардың 17-40 пайызы ұстама болып, есінен танып құлап қалу жағдайына көп ұшырайды. Аяқ-қолы жансызданады. Эпилепсия белгісі сезімталдықтың бұзылуы, жүрек соғуы, бет әлпетімен де көрінуі мүмкін. Сондықтан, мұндай жағдайда хирургиялық ота жасамаса болмайды. Сәтті өткен отадан, науқас айығып кетуі әбден мүмкін», - дейді білікті де тәжірибелі нейрохирургия ісінің шебері Мыңжылқы Бердіқожаев.


Соңғы жаңалықтар