Таразда 40 елдің дизайнерлері қатысып жатқан халықаралық сән апталығы өтуде

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында халықаралық ASPARA FASHION WEEK MERKE» дәстүрлі сән апталығы өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Aspara fashion week» жобасы Меркі ауданында өтуде. Бұл шара әлемнің 40 елінен сән киім үлгілерін жасайтын 100 дизайнерлерді және танымал 30 сән блогерлерін сондай-ақ журналистер, Еуропа мен Азия сән апталығы басшыларының басын қосып отыр.

Бұл – сән апталығының алтыншы маусымы. Биыл әлемде қалыптасқан жағдайға байланысты онлайн форматта ұйымдастырылған сән апталығын сәнсүйер қауым қазанның 10-ына дейін онлайн режимде ZOOM желісінде, Aspara Fashion Week, Youtube каналы, Instagram, Facebook және Aspara Fashion Week парақшаларында тікелей эфирде тамашалай алады.

Шараға отандық мамандарынан бөлек, шетелдік дизайнерлер көптеп тартылған. Оларға қазақстандық сән үлгісі мен тың туындылар тікелей эфирде қашықтан таныстырылады. Сәнді жоба әлем дизайнерлерінің қызығушылығын тудырып отыр.

Салтанатты шараны онлайн тамашалап, тікелей байланысқа шыққан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, сән мерекесінің ашылуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Апталықтың алғашқы күні Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдері Сингапур, Индонезия, Мьянма, Филиппин, Тайланд, Малайзия, Бруней, Лаос, Камбоджа, Вьетнамнан келген 30 дизайнер өз коллекцияларын ұсынды. Екінші күні Қазақстан мен Қырғызстан, Өзбекстан мен Түркіменстан және Тәжікстандық 22 дизайнер киімдерін көрсетсе, үшінші күні көрермен Еуропа, Африка және Америка құрлығынан келген 20 дизайнердің коллекцияларын тамашалайды деп күтілуде. Олар Біріккен Араб Әмірліктері, Ұлыбритания, Италия, Аргентина, Венгрия, Швеция, АҚШ, Кения, Марокко, Сербия, Франция, Испания, Саха Республикасы, Кипр, Молдова, Голландия, Украина және Эфиопия сән шеберлері. Жылына бір келетін сән мерекесінің ашылуына шетелдік дизайнерлер де өз құттықтауларын онлайн жеткізді. Соның бірі эфиопиялық киім дизайнері Лулит Ауэл. Ол өз сөзінде қазақ сәнгерлерінің туындыларын жоғары бағалайтынын атап өтті.

«Эфиопия да Қазақстан секілді көпұлтты ел. Мұны халықтың мәдениеті мен киімдерінен анық аңғаруға болады. Қазақ сәнгерлерінің жұмысымен бұрыннан таныспын әрі маған ерекше ұнайды. Мен үшін бұл сән апталығы онлайн болса да жаңа дүниелерді көріп, танысуға және жаңа идеяларды жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік болайын деп тұр», — дейді ол.

Ал, белгілі отандық дизайнер Айдархан Қалиев шараның мақсаты мен маңызына тоқталды.

«Біздің ең басты мақсатымыз – қазақстандық дизайнерлерді әлемдік нарықтарға, әлемдік қауымдастыққа таныту. Тікелей эфирде көрермендер оңтүстік шығыс және Орталық Азия, Еуропа, Америка және Африка дизайнерлерінің шығармашылық топтамаларын тамашалап қана қоймай, сонымен қатар Меркінің табиғаты мен мәдениетін ғажайыптарымен таныса алады»,-дейді А.Қалиев.


Соңғы жаңалықтар