Тараз мектебінде зорланған оқушы қызға қатысты Білім министрлігі түсінік берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Білім және ғылым министрлігі Тараздағы қыз балаға азғындық әрекет оқиғасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жайында ҚР Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Ерболат Мұхамеджан Facebook-тегі парақшасында жазды.

«Қазіргі таңда аталған факт бойынша құқық қорғау органдары тергеу іс-шараларын жүргізуде. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету білім беру ұйымының тікелей міндеті болып табылады. Мектеп директоры, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, физика пәні мұғалімі және вахтер білім беру саласындағы жергілікті уәкілетті органның шешімі бойынша қызметтерінен босатылды», - деді ол.

Оның атап өтуінше, Жамбыл облысының білім басқармасы зардап шеккен оқушыға психологиялық көмек көрсету үшін қажетті шаралар қабылдап, үйде жеке оқытуын ұйымдастырып жатыр.

«Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау аясында Бас прокуратура мемлекеттік органдармен бірлесіп қолданыстағы заңнамаға әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату бөлігінде өзгерістер әзірлеп, ҚР Парламенті Мәжілісіне енгізгенін хабарлаймыз», - деді Ерболат Мұхамеджан.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Тараздағы кәмелетке толмаған қыз балаға азғындық әрекет жасаған 38 жастағы күдікті қолға түсіп , сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталған болатын.

Соңғы жаңалықтар