Тапанша ұстаған видеоны желіде жариялаған түркістандыққа ескерту жасалды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде «Инстаграм» қолданушыларының бірінің парақшасында жарияланған бейнежазбаға назар аударды. Онда жас жігіт қолына екі бірдей тапаншаны ұстап, боғауыз сөздерді айтқан. Сондай-ақ бейнежазбада басқа да азаматтардың дауыстары естіледі. Бұл туралы ҚазАқпарат Полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.

Полиция қызметкерлері аталған жазба бойынша жедел іздестіру жұмыстарын бастап кетті. Төлеби аудандық полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесінің қызметкерлері бейнежазбаны түсірген жігіттердің Төлеби ауданы Леңгір қаласының жергілікті тұрғындары екенін анықтады. Олар ойыншық тапаншаны ұстап, «ВАЗ 21014» маркалы көлігінің артқы жағында тұрып бейнежазбаны түсірген. Содан соң желідегі жеке парақшасына жариялаған.

Полиция қызметкерлері 3 жігітке де түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, алдағы уақытта мұндай жағдай кезекті рет қайталанбасы үшін уәделерін алды. Сонымен қатар жергілікті тұрғынның парақшасындағы аталмыш бейнежазба өшірілді.

«2021 жылы ақпан айында желіде таралған бейнежазба бойынша кешірім сұраймын. Ондағы тапанша қару емес, ойыншық. Біз бұл бейнежазбаны қылмысқа шақыру мен насихаттау мақсатында емес, достардың арасында әзіл үшін түсірген болатынбыз...»,- деп ақталды 3 жігіт.


Соңғы жаңалықтар