Танымал өнер жұлдыздары сайлауда дауыс берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақстанда бүгін өтіп жатқан ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлауда белгілі өнер жұлдыздары белсенділік көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өнер жұлдыздарының саяси белсенділігі Instagram парақшасынан байқалды.

Атап айтқанда, белгілі әнші Алтынай Жорабаева Нұр-Сұлтан қаласындағы сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасағанын парақшасында жазды.


«Мен өз таңдауымды жасадым, елдің тұрақтылығы мен береке-бірлігі үшін, елдің амандығы мен тыныштығы үшін! Менің таңдауым - тұрақты Қазақстан және үдемелі даму» деп жазды әнші.

Ал, опера әншісі, жақында Шымкент қаласындағы Опера және балет театры басшысы боп барған Майра Мұхамедқызы да сайлау учаскесіне барып дауыс бергені жайлы жазба жариялаған.


«Ал құрметті Шымкент қаласының тұрғындары! Сіздерді бүгінгі өтіп жатқан сайлау науқанына қатысып өз азаматтық міндетіңізбен даусыңызды сайлауға қатысқан үміткерлерге беруге шақырамын. Маған тілеуші болған халқыма мың алғыс. Жұмысымды бастап кеттім», - деді ол жазбасында.

Әнші, МузАрт тобының мүшесі Сәкен Майғазиев те 74 жастағы анасымен бірге Шымкент қаласындағы сайлау учаскесінде болған.


«Қазақ елін бір Алла қолдасын! Мен өз таңдауымды жасадым», - деп жазды ол.

Әнші Бағлан Әбдірайымов та бүгін Алматыда дауыс бергенін хабарлады.


«Сайлау 2021 жыл. Азаматтық борышымды өтедім. Партияларға сәттілік! Сайлауға келіңіздер», - деді ол.

Белгілі әнші Маржан Арапбаева да саяси науқаннан тыс қалған жоқ.

«Мен сайлауға барып,өз таңдауыммен дауыс беріп қайттым! Еліміздің жарқын болашағы үшін, талмай қызмет етіп, нағыз Отанымыздың патриоты болайық!!!», - деген әнші отандастарын дауыс беруге шақырды.


Белгілі актер, театр басшысы Әділ Ахметов те азаматтық борышын өтегенін жазды.

«Бүгін - мемлекетіміз үшін тарихи күн. Сайлауға барып өз таңдауымды жасадым. Дұрыс таңдау жасағаныма сенімдімін», - дейді актер.


Әнші Алма Аманжолова Алматыдағы сайлау учаскесінде болғанын жариялады.

«Алатау ауданының халқы сайлауға белсенді қатысуда. Мен өз даусымды бердім. Болашағымыз жарқын болсын!», - деді ол.


Әнші Досымжан Таңатаров Қазақстанның дамуы үшін таңдау жасағанын жазды.

«Елдің амандығы мен тыныштығы үшін! Менің таңдауым тұрақты Қазақстан және үдемелі даму! Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз!»,- деді Досымжан Таңатаров.


Белгілі әнші Серікбол Сайлаубек те дауыс беру үшін сайлау учаскесіне ат басын бұрған.

«Ассалаумағалейкүм, қазағым! Мен дауыс бердім. Еліміз аман жұртымыз тыныш болсын!»,- деп жазды әнші.


Актриса, әнші Айгүл Иманбаева да азаматтық белсенділігін танытып, сайлау учаскесіне барған.

«Қайырлы таң Қазақ елі! Ен далада еркін өскен еліміз аман болсын. Мен өз таңдауымды жасадым»,- дейді ол.


Айта кету керек, 10 қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісі мен Мәслихат депутаттарын сайлау басталды.

Алматыда 507 сайлау учаскесі таңғы 07:00-ден бастап ашылды. Дауыс беру орындары «ҚР Сайлау туралы» заңының, Орталық сайлау комиссиясының талаптарына сай келеді.

507 учаскеде 2535 медициналық қызметкер: 1014 дәрігер, 1521 медбике жұмыс істейді. Одан бөлек кейбір сайлау учаскелерінің жанында жедел жәрдем кезекшілік етеді.

Сайлаушылар маскамен келуге міндеттеледі. Егер жоқ болса оларға кіреберісте маска беріледі. Егер оның дене қызуы жоғары болса, дауыс беруге тыйым салынады.

Дауыс беруші өз учаскесін 221-10-01 колл орталығы арқылы тегін біле алады немесе @sailau_almaty Telegram-бот көмегімен, сондай-ақ «Open Almaty» сервис орталығында және service.almaty.kz сайтынан біле алады.

Мәжіліс сайлауына 5 саяси партия түсіп жатыр:

«Ауыл» халықтық демократиялық партиясы; «Nur Otan» партиясы; «ADAL» саяси партиясы; «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы; Қазақстан халық партиясы. Бұл партиялар әр деңгейдегі Мәслихат депутаттығына да өз үміткерлерін шығарды.



Соңғы жаңалықтар