Тамыз конференциясы: Ақмола облысында білім беру жүйесінің жетістіктері талқыланды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында педагог қызметкерлерінің «Білімді ұлт – тұрақты дамудың кепілі» атты дәстүрлі тамыз конференциясы өтті.

Көкшетауда ұйымдастырылған пленарлық сессияға ҚР Білім министрі Асхат Аймағамбетов пен аймақ басшысы Ермек Маржықпаев қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Шарада аймақ басшысы тамыз конференциясы өңірлік білім беру жүйесінің даму үрдістері мен жетістіктерін жандандыруға бағытталғанын атап өтті. Бұдан әрі Ермек Маржықпаев өңірдегі білім беру нысандарының инфрақұрылымдық дамуындағы басым бағыттарға егжей-тегжейлі тоқталды.

«Біз 32 білім беру нысанының, оның ішінде 12 мектептің құрылысы мен қайта жаңартылуын жалғастырудамыз, оның ішінде 5 оқу орны мен қосымша корпусты биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр. Мектептерге күрделі жөндеу жүргізудің өңірлік жол картасы іске қосылды», - деп атап өтті аймақ басшысы.

Сонымен бірге, конференцияда Анастасия Кравченконың мемлекеттік тілде сөйлеген сөзі ерекше қызығушылық тудырды.

«Тамыз конференциясында сөйлеген сөзімде педагогтың ұлы жолын таңдап, балалардың білімі мен тәрбиесіне өз үлесімді қосатынымды және бұл үшін құрметті мамандықтың жас өкілі ретінде мемлекетіміз ұсынатын барлық мүмкіндіктерді пайдаланатынымды айттым», - деді Көкшетау қаласындағы балабақша тәрбиешісі.

Шара соңында облыстың педагогикалық қоғамдастығының 29 үздік өкілдері «Ыбырай Алтынсарин», «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, сондай-ақ Ақмола облысы әкімінің Алғыс хатымен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.

Марапатталғандардың арасында Жақсы ауданының №1 мектебінің мұғалімі Ләззат Қасқаева да бар.

«Менің педагог ретіндегі мақсатым-оқушыларымды жаңаша оқыту және біз жаһандану дәуіріндегі жаңа трендтерге байланысты өзіміз білім алуға ұмтыламыз», - деп бөлісті педагог.

Айта кетейік, өңірге бес жыл ішінде 38 мектеп салу және 470 мектепті жаңғырту міндеті қойылған. Ағымдағы жылдың өзінде 10 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, 94-і жаңғыртылатын болады.


Соңғы жаңалықтар