Тамақтан уланудың алдын алу жолдары қандай – маман кеңесі

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің облыстық департаменті қауіпсіз тамақтанудың қарапайым ережелерін сақтауға кеңес береді. Тамақтан уланудың алдын алу жолдары мен қауіпсіздік шаралары туралы агенттік тілшісіне облыстық қоғамдық тамақтану объектілерінде инфекциялық емес ауруларды бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Наталья Гаценбеллер айтып берді.

– Статистикаға сүйенсек, тамақтан улану деректері жаңа жыл қарсаңында жиі тіркеледі. Сол себепті уланудың алдын алу жолдарын білген абзал. Осыны нақтылап өтіңізші.

– Жұрт жаңа жыл мерекесін асыға күтеді. Корпоративтік, отбасылық отырыстар жиілейді. Тиісінше, мерекелік үстелдің мол, көз тартарлық болуын басты назарға аламыз. Алайда, егер абай болмаса, отырыс уланумен аяқталуы да ғажап емес. Адамдардың көбі бұған мән бермейді. Жалпы, тағамнан улану микробты және микробсыз болып бөлінетін, ластанған тағамдарды қолдану салдарынан пайда болатын, қарым-қатынас арқылы жұқпайтын ауру саналады. Жыл сайын облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті қауіпсіз тамақтанудың қарапайым ережелерін сақтауға кеңес береді. Әдетте, мереке күндері сауда нысандарында, аспаздық цехтарда көп мөлшерде кондитер өнімдерін дайындайды. Салаттар, ет және балық етінен жасалған тіскебасарлар, құс етінен жасалған тағамдар және қысқа сақтау және сату мерзімі бар басқа да өнімдердің сұранысқа ие екені белгілі. Алдымен, өнімдерді сатып алған кезде міндетті түрде өндіріс күні мен жарамдылық мерзімін тексеріңіз. Азық-түлік өнімдерін, әсіресе үйде дайындалған консервілерді, белгіленбеген сауда орындарында сатып алмаңыз. Мұның арты ботулизм ауруына әкеп соғуы ықтимал.

– Ботулизм дегеніміз не? Оның қаупі қаншалықты?

– Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – ботулотоксинмен улану. Олар көбінесе ет, балық және саңырауқұлақ консервілерінде жинақталады. Ботулотоксинмен улану жүйке жүйесінің зақымдануына дейін барады. Ботулотоксин ас қорыту жолдарында бұзылмай қанға сіңіп, бүкіл организмге тарайды. Үйде дайындалған консервілерді, атап айтқанда, көкөніс салаттары, саңырауқұлақтарды пайдаланып, уланып қалғандар қатары жиілеген. Тіпті, соңғы жылдары бірді-екілі қайғылы жағдай тіркелген.

– Жоғарыда айтқан қарапайым гигиеналарға тоқталыңызшы?

– Тамақтану мәдениетінен бұрын, ас дайындаудың, асхананың қарапайым гигиена ережелерін сақтау маңызды. Әуелі, тағамдарды дұрыс өңдеңіз, шикі және дайын тағамдарды бірге сақтауға жол бермеу керек. Жаңа жылдық мерекелер кезінде ішілген тағамдарды келесі демалыс күндеріне қалдырмаған дұрыс. Егер жаңажылдық отырыстан кейін көп тамақ артылып қалса, онда оны үстелден тоңазытқышқа дер кезінде салу қажет.

– Корпоративтік кештерді неғұрлым қауіпсіз өткізудің жолдары қандай?

– Жаңа жылдық отырыстарға байланысты Қостанай облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаменті дәмхана, мейрамханалар басшыларына ұсыным береді. Оның бастысы – мейрамханаға келушілердің тағам қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл ретте аспаздың жеке гигиенасы басты рөл атқарады. Қарапайым ғана дерек, асты арнайы қолғаппен дайындау азық-түлік қауіпсіздігінің 30 пайызын құрайды. Бұдан әрі персоналдың ас үйде жеке және өндірістік гигиена ережелерін сақтауына мән беру қажет. Тағам өнімдерін термиялық өңдеу, көкөністер мен жемістерді мұқият жуу да уланудың алдын алады. Негізі, майонез қолдану арқылы дайындалатын тағамдарды дайындауды шектеген абзал. Өйткені, бұл тез бұзылатын қоспаға жатады. Корпоративтік кеш басталмас бұрын үстелді тағамдармен жабдықтаудан бас тартыңыз және қажетті температуралық режимді сақтаңыз. Осы қарапайым ережелерді сақтай отырып, тағамнан уланудың алдын алуға болады.

– Ақыл-кеңесіңізге рақмет!

Соңғы жаңалықтар