«Талибан» қозғалысы БҰҰ Бас ассамблеясының отырыстарына қатысуға ниетті

None
None
КАБУЛ. ҚазАқпарат – «Талибан» қозғалысы жинаған Ауғанстан үкіметінің өкілі БҰҰ Бас Ассамблеясының отырыстарына қатысуға ниет білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC агенттігіне сілтеме жасап.

«Талибан» қозғалысының жанындағы Ауғанстанның тұрақты өкілі лауазымына бекіту үшін Катар астанасы Дохадағы саяси кеңсенің өкілі Мохаммед Сухаил Шахиннің кандидатурасы ұсынылды.

БҰҰ Бас Хатшысына жіберілген «Талибан» қозғалысының өтініші 9 адамнан, соның ішінде АҚШ, Ресей және Қытай өкілдерінен тұратын ұйымның аккредиттеу комитетімен қаралады. Алайда тәліптердің өтініші қаралмайынша, Гулам Исакзай осы ұйымдағы Ауғанстанның елшісі болып қалмақ.

«20 қыркүйек күні бас хатшы 21-27 қыркүйек аралығында өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-шы сессиясына қатысуға тәліптерден өтініш хат алды. Хаттың тақырыбы «Ауғанстан Ислам Әмірлігі» деп берілген, оған сыртқы істер министрі ретінде Әмір Хан Моттаки қол қойған. Сонымен қатар хатта Ашраф Ғанидің 15 тамыздан бастап қызметтен қуылғаны және енді ел президенті саналмайтыны көрсетілген», - деп мәлімдеді БҰҰ бас хатшысының өкілі Стефан Дюжаррик.

Одан бөлек, Германияның сыртқы істер министрі Хайко Маас «Талибан» өкілдерінің БҰҰ Бас Ассамблеясында сөз сөйлеуіне қарсы шықты.

«Талибанның» БҰҰ-да сөз сөйлеуі еш пайда әкелмейді деп санаймын. Менің ойымша, бұл сұрақта шешім іздеу мақсатымен БҰҰ Бас Ассамблеясына жүгіну орынсыз», - деді неміс саясаткері.

Өз кезегінде АҚШ Мемлекеттік департаменті «Талибан» радикалды қозғалысының БҰҰ-ға өкілдік етуі мәселесін шешу біраз уақытты талап етеді, осы сессия барысында шешілуі екіталай деп санайды.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-шы сессиясы 21 қыркүйек күні басталып, 27 қыркүйекке дейін созылмақ.

Отырыстардың ортақ тақырыбы – «Жақсылыққа деген сеніммен өміршеңдікті нығайту – COVID-19-дан кейін қайта өрлеу, тұрақты қалпына келтіру, планетаның қажеттіліктерін қанағаттандыру, адамдардың құқықтарын құрметтеу және Біріккен Ұлттар Ұйымының белсенділігін арттыру».


Соңғы жаңалықтар