Талғат Қалиев: Сайлауға дейінгі 81 күн – әр партия өз үнін жеткізе алатын уақыт

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алдағы Парламент сайлауында азаматтық белсенділіктің артып, тәуелсіз бақылаушылардың көбейері, жастардың электоралды процеске деген мүддесі күшейері сөзсіз. Парламент сайлауына қатысты «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты» ЖШС директоры Талғат Қалиев осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл сайлауды жұрттың күткеніне де жыл толып қапты. Бұған дейін Мәжіліс мерзімінен бұрын тарайды екен деген сыңайда әтүрлі алыпқашпа әңгіме көп болып еді. Күні бүгінге дейін сайлаудың желтоқсанда өтетіні туралы сөз желдей есіп жүрді. Себебі Үкіметтің қазіргі құрамының келешегі де осыған байланысты болмақ», - дейді Талғат Қалиев.

Оның айтуынша сайлаудың өтетіні жайлы 81 күн бұрын жариялануы – принциптік тұрғыда маңызға ие. Осы уақыттың ішінде кез келген партия өз ресурстарын жұмылдырып, сайлау кампаниясын өткізу үшін қолдана алады. Осы уақыт ішінде қанша карантиндік шектеу болса да әрбір сайлаушыға партия үнін жеткізуге толық мүмкіндік бар.

«Бұл сайлауға дейінгі ойын ережелерін де Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір жыл бұрын жариялап, жастар мен гендерлік квоталардың енгізілетінін хабарлаған еді. Осыдан кейін партиялардың көбі өз қатарын жасартып, мүшелікке жас буынның өкілдері мен әйелдерді тарта бастады. Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысы аясында партиялар үшін тіркеу шегін екі есе азайтуға мүмкіндік туды, сонымен бірге елде тек ескерту арқылы өткізіле беретін бейбіт жиналыстар туралы заң қабылданды. Осыған байланысты сайлау алдындағы кампания мазмұнды әрі қызықты болар деген ойдамыз. «Нұр Отан» партиясы праймериз өткізіп, өз қатарына әлеуеттік мүшелерді тартып алды. «Ақ жол» болса ақпараттық алаңда өткір мәлімдемелермен көз түскісі келіп жүр. Ал коммунистер танымал блогерлердің көмегімен жұрттың назарын өзіне аударғысы келеді», - дейді Талғат Қалив.

Сарапшының сөзіне сенсек сайлау өткенге дейін біреу жаңа партияны тіркеуге, екіншісі жұмысы жүріп жатқан партияны сатып ала қоюуға тырысуы мүмкін.

«Алайда саяси келешектен пайда көргісі келетіндердің табыла қояры белгісіз. Алайда азаматтық белсенділіктің дәл осы тұста артатыны, тәуелсіз бақылаушылардың көбеюі, жастардың электоралды процеске деген мүддесі күшейері сөзсіз», - деді ол.

Еске сала кетсек бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихат депутаттары сайлауын тағайындау туралы үндеу жариялаған болатын.

«Бүгін мен Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойдым. Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы тағайындалады. Алдағы сайлау конституциялық мерзімге сәйкес, 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді. Барлық саяси партиялардың бұл сайлау науқанына қатысуға дайындалуына, сайлау алдындағы платформасын әзірлеуіне, партиялық инфрақұрылымдарды жетілдіруіне уақыты жеткілікті болды», - деді Президент үндеуінде.

https://kaz.inform.kz/news/kr-prezidenti-mazhilis-zhane-maslihat-deputattarynyn-saylauy-turaly-undeu-zhariyalady_a3708756


Соңғы жаңалықтар