Талғат Қалиев: Аймақтардағы проблемалардың шешімін мәслихаттардан талап ету керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Аймақтардағы проблемалардың шешімін мәслихаттардан талап ету керек. Сайлау қорытындысы жайлы «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты» ЖШС директоры Талғат Қалиев осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кейінгі ондаған жылдар бойы біздің елде саясатты шеттен тыс орталықтандыру процесі жүрді. Әлбетте кімнің депутат, кімнің министр екенін, олардың қандай іс тындырып жүргенін білгенімізбен, өңірлерде не болып жатқанын көп зерттей бермейтін едік. Аймақтарда қандай да бір резонансты жағдай тіркелсе, сондағы аймақтық элитаның, кезекті мажордың кім екенін біліп отыратынбыз. Ал біз онда мәслихаттың хатшысы кім, ол не істеп жатыр деген сұрақтың жауабын білмеуші едік. Унитарлы мемлекет, халқының саны аз, жері үлкен ел ретінде аймақтарда нақты не болып жатқанын біліп отыруымыз керек болатын», - деді Талғат Қалиев елордада өткен «SAILAU-2021: Парламент сайлауының алдын ала қорытындылары» атты сараптамалық талқылауда.

Сарапшының айтуынша қазақстандық саясаттың аймақтық өлшемі жүргізілуі тиіс.

«Біз азаматтық қоғам туралы сөз қозғағанда аймақтық саясатты, жергілікті өзін-өзі басқару, аймақтарды тиімді басқару мәселелерін естен шығарып жатамыз. Біз ең бірінші кезекте Мәжіліске емес, мәслихаттарға жүгінуіміз керек. Қандай да бір ауданда неліктен жолдың жайы нашар екенін, қала шеті неліктен дамымай жатқанын біз солардан сұрауымыз керек. Мұның бәрі жергілікті атқарушы органдар мен мәслихаттарға жолданатын сұрақтар, себебі олар бюджетті түзіп, оны бақылайды. Осы ретте бүгінгі таңда партиялардың мәслихаттарға келе бастауының маңызы өте зор. Олардың партияішілік бәсекелестігін артуына жол ашады. Яғни әрбір депутаттың артында бұдан былай бүтіндей бір партияның ресурсы тұрады. Бір өңірде бір партияның бір өкілі бар болса да, ол медиялық, саяси ресурстарға ие бола алады», - деді ол.

Талғат Қалиев бүгін мәслихатқа енген партиялар ертең Мәжіліске енуге мол мүмкіндік алатынын жеткізді.

«Бізде 1 пайыз алып қалған бірде-бір партия жоқ. Күні кеше ғана пайда болған «Адал» партиясының өзі 3 пайыздан астам дауыс алды. Бұл – екі айлық насихат жұмысының үлкен нәтижесі. Бұл дегеніміз сайлауға назардың жоғары болғанын, насихат жұмыстары да тиімді әрі сапалы жүргізілгенін көрсетеді. Бір өкініштісі, аграрлы ел бола тұра Мәжілісте «Ауыл» партиясының өкілі болмайтын болды. Бірақ меніңше, «Ауыл» партиясында мамандандырылған сапалы бағдарлама болмаған секілді. Себебі «Ауыл» өз соңынан ядролық электоратын ертіп кете алмады. Олар осы қателік бойынша жұмыс жүргізер деп ойлаймын», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар