Талдықорғандық іздеу жарияланған жасөспірімді табуға көмектесті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат– Талдықорған қаласының тұрғыны полиция іздеу жарияланған баланы аман-есен табуға көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаратал ауданының полициясына Үштөбе қаласының тұрғыны хабарласып, жергілікті мектептердің бірінде 8-сынып оқитын ұлының түсте белгісіз бағытта шығып, үйіне оралмағанын айтқан. Аудандық және облыстық тәртіп сақшылары жасөспірімнің мекенжайын анықтауға бағытталған кең ауқымды жедел шараларды қабылдады.

«Бүгін іздеу жарияланған жасөспірімді көпқабатты үйдің подъездінен көрген жергілікті тұрғын әлеуметтік желіде көрсетілген нөмірге және полицияға хабарлады. Бала аман-есен табылып, ата-анасына тапсырылды. Жасөспірімді іздеп табуға және оның ата-анасы келгенше балаға қолдау көрсеткен қала тұрғынына полиция тарапынан алғысымызды білдіреміз»,- деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

14 жастағы баланың үйінен кетіп қалуына отбасы мүшелерінің арасындағы түсінбеушілік себеп болған. Сабақ үлгерімі жақсы жасөспірім бұған дейін мұндай оғаш қылық көрсетпеген. Тәртіп сақшылары баланың ата-анасымен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Алматы облыстық ПД таратқан ақпаратқа сәйкес, тәртіп сақшылары 2019 жылы белгісіз бағытта кетіп, іздеу жарияланған жасөспірімдердің 139-ын тауып, жақындарына аман есен табыстаған.

Соңғы жаңалықтар