Талдықорғанда жасөспірім 6 көлікті тонап, 3 велосипедті ұрлап кеткен

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда көлік тонаумен айналысып келген жасөспірім ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс орталығының 17 жастағы тұрғыны 6 көлікті тонап, 3 велосипедті қолды еткен.

Биылғы тамыз-қыркүйек айларында Талдықорған қаласында көпқабатты үйлердің аулаларында тұрған автокөліктерден бағалы заттардың қолды болу дерегі жиілеп кеткен. Аз ғана мерзім ішінде полицейлер осыған ұқсас 6 деректі тіркеді. Сонымен қатар, осы уақыт аралығында 3 велосипед ұрланған. Осы фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі 3-тармағы және 188-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық істер қозғалды.

«Аталмыш фактілерді тексерген Батыс ҚПБ аға жедел уәкілі Әлбосын Бекзат әрбір қылмыс бойынша ақпарат жинап, оларға қатысы бар күдіктілерді зерделей бастады. Кейбір жерлерде күдікті видеокамераларға түсіп қалған. Бірнеше видеожазбаны мұқият зерделеу барысында күдіктінің бейнесі айқындалды. Тергеуші жедел іс-шаралар жүргізе отырып, қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 17 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Ол бұған дейін де осыған ұқсас қылмыстар жасағаны үшін құқық қорғау органдарының назарына түскен болатын», - деп атап өтті Талдықорған қалалық Полиция басқармасының бастығы Асқар Нұрсапа.

Күдікті қылмыстық әрекеттерін мойындады. Одан жәбірленушілерден қолды болған ұялы телефондар, жемпір, велосипед және сағаттар тәркіленді.

«Ұрланған ақшаны жас жігіт жұмсап тастаған, кейбір заттар мен екі велосипедті сатып жібергені анықталды. Оқиға орнында жауап алу барысында күдікті ұрлықты қалай және қайда жасағанын егжей-тегжейлі айтып берді. Оның көліктерді шағын пышақтың көмегімен бұзып ашқаны белгілі болды», - деп толықтырды полковник А.Нұрсапа.

Күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталғанша «жеке кепілгерлік» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.


Соңғы жаңалықтар