Талдықорғанда жаңадан салынған қалашықтың тұрғындарын жаппай сотқа беріп жатыр

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда жаңадан салынған коттеджді қалашықтың тұрғындары газға белшесінен қарызға батып жатыр. 250 тұтынушының берешегі 22 миллионға жеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазір екі жыл бойы үндемедік деген «ҚазТрансГазАймақ» АҚ филиалы халықты жаппай сотқа беріп жатыр.

Ал тұрғындар болса үй суық болғандықтан көгілдір отын жақтық деп шырылдауда.

«Міне, қалашықтың барлық тұрғындарын сотқа шақырып жатыр. 100, 200 мың теңгедей бәрінің қарызы бар. Қайдан аламыз, менің асыраушым жоқ. Үйдің төбесі жұқа. Барлық жылу далаға кетеді. Үй суық болғандықтан тоңбас үшін газды аямай қоса береміз. «ҚазТрансГаздан» сотқа қағаз келді. Менікі 118 мың теңге деп тұр. Мен оны қалай төлеймін?», - дейді Талдықорғандағы коттеджді қалашықтың тұрғыны Гүлнәр Байбатчаева.

Айта кетейік, Талдықорғанда жаңадан салынған коттеджі қалашыққа көшіп келген тұрғындардың басынан дау арылмай-ақ қойды.

Жаңа баспанаға кіргеннен үйдің сапасыздығына шағымданып, енді міне, көгілдір отынға қарызға баттық деп наразы.

Ал тұрғындарды жаппай сотқа берген «ҚазТрансГаздағылар» қалашыққа көгілдір отын құбыры заңсыз тартылған деп шенеуніктердің кемшілігін жайып салды.

«Мына жерге газ заңсыз келіп жатыр. Мына Құбырлар заңдастырылған жоқ. Мына газ қосылғанда бізден бір де бір рұқсат қағаз алған жоқ. Заңсыз қосылған, біз екі жыл бойы үндемедік» дейді «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жетісу өндірістік филиалының директоры Равиль Исмаилов.

Халық ертең апатты жағдай болса, ешкім жауап бермейді деп қорқады. Ал Талдықорғанға жаңадан келген әкім «бәрін заңдастырамыз» деп халықты сендірді.

«Мына газдың жобасын жасадық. Сараптамадан өткіземіз де, ертең ақшасын төлеп, барлығын заңдастырамыз. Газ, трасса комиссия шешімімен «эксплуатацияға» өтуі керек», - дейді Талдықорған қаласының әкімі Ержан Жасыбаев.

Сондай-ақ, шенеуніктердің сөзінше, тұрғындардың көгілдір отынға берешегінің бір бөлігін мердігер компания төлейді.




Соңғы жаңалықтар