Талдықорғанда 200-ден астам кәріз құдығының шойын қақпағы ұрланған

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда су және кәріз жүйелері құдықтарының, арық бетіндегі темір қақпағын ұрлау азаймай тұр. Жыл басынан бері 200ден астам шойын қақпақ қолды болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімдігі ұрланған 200-ден астам қақпақтың тек 150-ін қайта жапты. Әлі де 50 құдық пен арықтың беті ашық жатыр. Жергілікті полиция қызметінің мәліметінше жыл басынан бері қақпақ ұрлығы бойынша небәрі бес қылмыстық іс қозғалып, оның төртеуі ашылған. Ал былтыр 16 оқиға тіркеліп, 13 іс ашылмай қалған. Көп жағдайда полицейлер темір сынығын қабылдаушыларды тексере алмайды. Себебі олар жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Ал елімізде орта және шағын бизнес өкілдерін себепсіз тексеруге мораторий жарияланған.

19 қарашадан бастап Талдықорғанда «Темір қақпақ ұрлығына жол жоқ» атты арнайы шара өткізілуде.

«Ұрылар көбіне қаладағы темір-терсек қабылдаушыларға емес, көрші аудандарда апарып өткізеді. Оның өзінде бөлшектеп, сындырып өткізеді», - дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Шаяхметов.

Оның айтуынша қазір темір қақпақтың құны 10-20 мың теңге аралығында. Ал ұрылар оны салмағына қарай небәрі 3-4 мың теңгеге өткізеді.

Соңғы жаңалықтар