«Тақталас» сериалының жұлдызы Пилу Асбек Қазақстанға келеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Тақталас» (Game of Thrones) сериалының жұлдызы, дат актері Пилу Асбек Қазақстанға келеді. Актер елімізде өтетін Comic Con фестивалінің арнайы қонағы, деп хабарлайды ҚазАқпарат фестиваль ұйымдастырушыларына сілтеме жасап.

Естеріңізде болса, әртіс әлемге әйгілі «Тақталас» (Game of Thrones) сериалында Эурон Грейджойдың рөлін ойнайды. Фестиваль қонағы елордадағы халықаралық комикс-конвентте өз фанаттарына автограф-сессия өткізеді деп күтілуде.

Йохан Филип «Пилу» Асбек - дат актері. Түрмедегі тіршілік туралы баяндайтын «Сотталушы R» драмасындағы рөлінен кейін танымалдыққа ие болған. Бұл жұмысы арқылы бірден бірнеше жүлдені жеңіп алғанын айта кету керек. Атап айтқанда, Дат киноакадемиясының «Роберт» сыйлығын, Дания киносыншылар қауымдастығының «Бодиль» жүлдесін және атақты Берлин кинофестивалінің «Аққан жұлдыз» марапатын иеленген. Сонымен қатар, «Үкімет» саяси драмасында ұстанымына адал емес политтехнолог Каспер Юлдың рөлін ойнап, көрерменге кеңінен танылды.

Дегенмен, нағыз әлемдік атақ-даңқ Асбекке «Тақталас» сериалы арқылы келді. Ол сериалдың 6-маусымынан бастап «Темір флоттың» капитаны Эурон Грейджойдың рөлін сомдап жүр.

Одан бөлек, ол екі фильмде әлем жұлдызы Скарлет Йоханссонмен бірге ойнаған - Люк Бессонның «Люси» экшны мен Руперт Сандерстың «Сауыт киген елес» фантастикалық блокбастерінде. Сондай-ақ Тимур Бекмамбетовтың «Бен-Гур» фильмінен де актердің өнерін тамашалауға болады.

Сонымен бірге, Америка және Қытай бірлесіп түсірген аса қымбат картиналардың бірі «Ұлы бекініс» жобасында Мэтт Дэймон және Педро Паскальмен бірге ойнады.

Алдағы уақытта Пилу Асбекті танымал жұлдыздар Джеки Чан және Джон Синмен бірге «Икс жобасы» боевигінен көре аламыз. Фильм таяу арада жарыққа шығады.

Еске сала кетейік, 31 мамыр мен 2 маусым аралығында елордада Comic Con халықаралық фестиваль-көрмесі өтеді. Комикс жанкүйерлері мен киносүйерлердің, бейне-ойындар мен мультфильмге әуес жандардың арасында кеңінен танымал Comic Con фестивалі өз бастауын АҚШ-тан алады. Әлемнің әр түкпірінде өтіп тұратын бұл фестиваль комикс авторлары мен жанкүйерлерінің дәстүрлі басқосуына айналып үлгерген.

Соңғы жаңалықтар