Такир Балықбаев: Басымызға түскен сынақтарға байсалдылық пен табандылық танытуымыз керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, ғалым Такир Балықбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты жариялаған үндеуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент жағдайды тұрақтандырудың алғашқы белгілері бар екенін атап өтті. Алдағы екі апта біздің болашақ қадамдарымыз үшін шешуші болатыны анық. Мемлекет барлық қажетті шараларды қабылдауда және бұл шешімдер сөзсіз дұрыс. Қасым-Жомарт Тоқаев 13 шілде Қазақстанда пандемия құрбандарын Ұлттық аза тұту күні деп жариялады. Бұл - өте маңызды шешім, құрбандарды еске алып, аза тұту - халқымыздың дәстүрі және өмір жалғасуының белгісі», - деп жазды ректор Facebook парақшасына.

Такир Балықбаевтың жазуынша, бұл аурумен күрестің алдыңғы қатарында тұрған дәрігерлер өмірді сақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр.

«Қабылданған шаралар мен медициналық қызметкерлердің ерлігінің арқасында жазылып шыққан адамдар саны айтарлықтай өсті. Алайда бұл індет әлі де жалғасуда. Сондықтан барлық азаматтарды карантин ережелерін қатаң сақтауға шақырамын: індетке қарсы күрестің тиімділігі, ең алдымен, барлық адамдардың саналы әрекеттері мен жауапкершілігіне байланысты. Барлық шектеулер мен ережелерді қатаң орындау тек Сіздің ғана емес, жақын туыстарыңыз бен достарыңыздың өмірін сақтап қалатынын есте ұстаңыздар. Біз бұл кезеңде басымызға түскен сынақтарға байсалдылық пен табандылық танытуымыз керек», - деп түйді Такир Балықбаев.

Еске сала кетсек, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар арқылы елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты үндеу жариялаған болатын. Президент отандастарымызды халқымыздың басына түскен сынақ алдында қайсарлыққа, сабыр мен жауапкершілікке шақырды.

Соңғы жаңалықтар