Табиғатты қорғау инспекторы қандай жағдайда қару қолдана алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі табиғатты қорғау инспекторларының қару қолдану құзыретін өзгертуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы министрліктің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті Жануарлар әлемі және аң шаруашылығы басқармасының басшысы Айтуар Туғанбеков мәлім етті.

«Инспекторлардың қару қолдану құқығы Үкімет қаулысымен реттелген. Қаулыға сәйкес, инспектор өзіне қарулы шабуыл болған жағдайда ғана ақ ата алады. Жалпақ тілмен айтқанда, браконьердің өзіңе оқ атқанын күту керек деген сөз. Дәл осы жағдайлар тізімін кеңейткіміз келеді. Яғни, инспектордың өміріне қауіп төнгенде, инспектор әміріне бағынбағанда немесе қуған кезде тоқтамаса, оқ атуға рұқсат беруді ұсынып отырмыз. Бұл - заңнан туындаған актілер», - деді А. Туғанбеков елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, браконьерлік үшін салынатын айыппұл көбейтіліп, Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізілуі мүмкін.

«Заңнамалық бастамалар бойынша, браконьерлік үшін айыппұлдар мен жазалау мерзімдері ұзартылады. Оған қосымша, мемлекеттік инспекорға ауыр зардап келтіру және өлімге әкеп соғуы бойынша ҚР Қылмыстық кодексіне жаңа бап енгіземіз», - деді спикер.

Министрліктің хабарлауынша, аталған ұсыныстар бойынша 2020 жылдың ақпан-наурыз айларында Жарлық шығару жоспарланған.

Еске сала кетсек, 25 қазанда Қызылорда облысы Жалағаш ауданында браконьерді қуған қорықшы Әділ Кенжеғұлов мерт болды. Ол - жыл басынан бері табиғатты қорғауда қаза тапқан үшінші қорықшы.

Соңғы жаңалықтар