Сыртқы қолайсыз жағдайларға шұғыл әрекет ету керек – Қырғызстан Президенті

None
None
БІШКЕК. ҚазАқпарат - Еуразия экономикалық форумының пленарлық отырысында Қырғыз Президенті Садыр Жапаров ЕАЭО аясында іске асырылуы тиіс басты қадамдарды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, форумға Бішкекте ресми сапармен жүрген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысуда. Ал Ресей, Армения және Беларусь басшылығы аталған форумға онлайн режимде қосылды.

«Көзбе-көз кездесу мүмкін болмаса да, заманауи технологиялар осындай ауқымды жиындарды онлайн тәртіпте өткізуге жол ашып отыр. Бізде өтіп жатқан форумға екі мыңнан астам адам қатысты. Атап айтқанда, жиынға ЕАЭО-ға мүше елдермен қатар, алыс шетелден де қонақтар келді», - деді С. Жапаров.

Сонымен қатар ол биыл Қырғызстан төрағалық ететін міндеттерге кіріскенін еске салды.

«Осы орайда биылғы маңызды міндеттерді жүзеге асыру бойынша басымдықтарды белгілеуге қатысты пікір білдірдім. Біздің басты мақсат ретінде басты қағидаттар сақталып отыр, яғни тауарлар қозғалысының, түрлі салада қызмет көрсетудің, капитал мен еңбек ресурстарының еркіндігі ескерілген. Екіншіден, 2025 жылға дейін даму стратегиясын уақытылы жүзеге асырылуы тиіс. Үшіншіден, агроөнеркәсіп пен өнеркәсіп салаларында бірлескен жұмыстар бар. Бұл тұрғыда импортты алмастыру мен ЕАЭО-ның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында нақты кооперациялық жобаларды іске қосу қамтылған», - деді Қырғызстан басшысы.

Сонымен қатар ол тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету бағытында даму бағдарламасының алгоритмдері мен тетіктерін жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.

С. Жапаров «Шығыс-Батыс» және «Солтүстік-Оңтүстік» бағыттары бойынша көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту қадамына тоқтала келе, бұл мақсаттар әлемдік саясаттағы құбылмалықтың ушығуы жағдайында аса өзекті болып тұрғанын жеткізді.

«Осы жағдайда бізге сыртқы қолайсыз факторларға шұғыл әрі тиімді әрекет ету қажет болып тұр», - деді Қырғызстан Президенті.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Қырғызстанға барды.

Қырғызстан Президенті «Ақ кеме» мәрмәр шатырында Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алды.

Қазақстан Президентінің Қырғызстанға сапары барысында бірқатар құжатқа қол қойылды.


Соңғы жаңалықтар