Сырлы оюлар: Петропавлда қазақтың тоқыма өнеріне арналған көрме өтіп жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы «Абылай хан резиденциясы» музей кешенінде «Сырлы оюлар» атты қазақтың алаша-кілем тоқу өнеріне арналған көрме өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көрмеге қойылған алаша-кілемдердің барлығы – Абылай хан резиденциясына сыйға берілген. Оның бірін «Мұражайға сый» акциясы барысында өңір тұрғындары тарту етсе, енді бірі 2003-2005 жылдар аралығында экспозицияны құрарда еліміздің әр өңірінен әкелінген екен.

Қазір мұражай қорында осындай 30 шақты кілем-алаша болса, соның 20-сы көрермен назарына ұсынылды.

«Сырлы оюлар» атты көрменің мақсаты – ұлттық өнерді дәріптеп, көненің көзін ұрпақтан-ұрпаққа мұра ету.


«Алаша тоқудың бірнеше әдісі бар. Соның бірі - терме алаша. Еденге төселетін алашаға жіпті жуандау етіп иіру қажет. Термені 45,25,35 жіптерден тереді. Көтерме ағаш, сүйретпе ағаш деген болады. Теру ағашы болады. Негізі түк қиындығы жоқ, үйренуге болады. Алашаға қандай өрнек саласың, сол бойынша жіпті қосып, теріп санап отырады», - дейді тоқыма өнерін жаңғыртып жүрген Петропавл тұрғыны Гүлімай Дарханқызы.


Музей қызметкерлерінің айтуынша, Қызылжар өңірінде кілем-алаша тоқу өнері ұмыт қалса, еліміздің оңтүстігі, әсіресе, Қызылорда өңірінде ол жақсы дамыған.


«Кезінде тоқыма бұйымдардың саны отбасының әлеуметтік жағдайын, олардың еңбекқорлығын, шеберлігін көрсеткен. Кілемдер қыз жасауының негізгі бөлігі болып саналды. Кілемді сыйлы қонақтарға және мерейтойларға сыйлаған. Сонымен қатар кілем ақшаның орнын басатын төлем ретінде де жүрген. Кілеммен киіз үйдің керегесін қаптап, әшекейлеген, жерге төсеген. Адамды соңғы сапарына кілемге орап шығарып салған. Әмина Нұрқанова деген 93 жастағы кейуана бізге кілем сыйлады. Ол 1970 жылы қызы күйеуге шығарда жасауға арнайы кілем тоқыған екен. Түксіз кілемнің үстіне Ақтоты деп жазған. Өте әдемі тоқылған кілемді бізге әжейдің қызы сыйға тартты», - дейді «Абылай хан резиденциясы» музей кешені директорының орынбасары Әсемгүл Қыдбекова.


Көрмеге түкті және тақыр кілем, түрлі алашадан бөлек тоқыма құралдары да қойылған.

«Көрмеге қойылған кілем-алашалардың барлығы қолмен тоқылған. Өңі кетпеу үшін, күйе жемеу үшін тоқыма бұйымдарға күтім керек. Сол үшін жазда, ыстықта 4-5 күндей күн астына жайып аламыз. Қыста да дәл солай қатты аяздарда далаға шығарып, суықта 3-4 күндей ұстаймыз. Бұдан бөлек арасына қалампыр себеміз. Халқымыздың өнерін паш ететін бұл бұйымдардың әрқайсы біз үшін құнды», - дейді Әсемгүл Қыдбекова.


Соңғы жаңалықтар