Сығанақ қалашығында кешенді зерттеу жұмыстары жүріп жатыр

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында орналасқан Сығанақ қалашығында кешенді зерттеу жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көне шаһарда 2003 жылдан бастап кешенді түрде археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2014 жылдан бері оған облыстық бюджет есебінен қаржы бөлініп келеді. Биыл қазба жұмыстары мамыр айының басында басталды. Оны «Мәдени мұра» ғылыми-зерттеу орталығы» қолға алған. Қазба қалашықтың қорғаныс қамал қабырғасына жанама салынған құрылыс және орталық көше бойындағы шаруашылық нысандарында жүргізілуде.

«Оған қоса қазіргі уақытта ҚР Білім және ғылым министрлігінің гранттық қаржыландыруы бойынша «Тарихи-мәдени мұра нысаны – ортағасырлық Сығанақ қалашығында кешенді археологиялық зерттеулер жүргізу» жобасы жасалуда. Бұл жұмыстар Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті тарапынан қолға алынған», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық мәдениет және спорт басқармасынан.

Ведомство мәліметінше, қазба жұмыстары қорғаныс қамал қабырғасында, ортағасырлық кесенелерде және Қожамберді елді мекені маңындағы Көккесене сағанасында жүргізілуде. Қазба жұмыстары аяқталғаннан кейін жабындылар жабу арқылы консервациялау және уақытша сақтау, бекіту жұмыстары атқарылады.

Еске салсақ, Ботай қонысында тарих пәні мұғалімдері қазба жұмыстарын жүргізеді.



Соңғы жаңалықтар