Сыбайлас жемқорлықпен күреске 70 мың волонтер тартылған

None
None
НҰР-CҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің жеке құрамы аппарат басшысы Қуаныш Жапақов ведомствоның жеке құрамы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен семинар кеңесте Қуаныш Жапақовқа сарапшылар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет PR-мен көп әуестеніп кетті деген ескерту айтты.

Өз кезегінде агенттік өкілі қоғаммен байланысты жұмыстың көбі еріктілердің күшімен атқарылып жатқанын еске салды.

«Бүгінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің міндетіне жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру бағыты да кіреді. Егер салыстырып қарасақ, біздің қызметтің жеке құрамының 80 пайызы нақты коррупцияның жолын кесуге жұмыс істейді. Жеке құрамның тек 20 пайызы ғана парасат департаменті мен профилактикалық қызметке жұмылдырылған», - деді агенттіктің аппарат басшысы.

Қуаныш Жапақов Еуропаның кей елдерінде жемқорлықпен күрес қызмет қудалаудан гөрі алдын алуға көп мән беретінін, келешекте бізде де сондай тенденция қалыптасуы керектігін атап өтті.

«Халықаралық қоғамдастық та жемқорлықтың тек репрессиялық шаралармен еңсеру мүмкін емес екенін айтуда. Сондықтан да біз алдын алу мәселесіне үлкен мән беріп отырмыз. Мысалы, Австрияда алдын алу және қуадалау шараларының пайыздық қатынасы біздегіге қарама-қайшы. Яғни, 80 пайызы алдын алуға, тек 20 пайызы жемқорлықты қудалауға жұмыс істейді. Біз де біртіндеп осылай қарай жылжуымыз керек. Оның үстіне профилактикалық жұмыстың басым бөлігін қоғамдық ұйымдар арқылы іске асырып отырмыз. Қазір бізбен бірге 70 мыңнан астам ерікті жұмыс істеп жүр», - деді агенттік өкілі.

Еске салсақ, аталмыш семинарда «Жаңару» РҚБ төрағасы Оралбай Әбдікәрімов білім басқармаларының пандемия кезінде қандай жемқорлыққа барғанын айтқан болатын.


Соңғы жаңалықтар