Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұйымдық-штаттық құрылымы оңтайландырылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде кадр саясатын іске асыру барысында ұйымдық-штаттық құрылымын және ішкі бизнес процестерін оңтайландыруға қатысты үлкен жұмыс атқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта агенттіктің кадр саясатының басты бағдары – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес үшін жаңа көзқарас пен батыл идеяларды ұсынуға қабілетті, жігерлі талантты адамдарды тарту және өз қатарында ұстау.

Оның негізгі құралы уәждемелеу және ең алдымен – жоғары деңгейлі жалақы. Оны қамтамасыз ету үшін органның ұйымдық-штаттық құрылымын және ішкі бизнес процестерін оңтайландыру бойынша үлкен жұмыс атқарылды.

Оның нәтижелері бойынша артық басшылық буын 2 есеге жуық қысқартылды, басқарушы лауазымдар саны 453-тен 240-қа дейін азайтылды (басшылардың орындаушыларға арақатынасы 1-ден 7-ге дейін жеткізілді), қосалқы қызметтердің қызметі орталықтандырылды, өңірлік бөлімшелердің 90% - ы таратылды. Соның салдары ретінде алаңдарды, көлікті күтіп ұстауға, ұйымдастыру техникасы мен шаруашылық тауарларын сатып алуға және басқа да шығындарға ілеспе әкімшілік шығыстарды оңтайландыру жүргізілді.

Оңтайландыру қорытындысы бойынша қаражатты үнемдеу цифрландыруға, «ANTIKOR ORTALYGY» сервистік орталығының құрылысына, қызметкерлердің жалақысын арттыруға және оларды материалдық уәждемелеу үшін сыйақы қорын қалыптастыруға бағытталған, нәтижесінде қызметкерлердің табыс мөлшері екі есеге дерлік артты.

Бұл жобаны іске асыру тағы бір маңызды міндетті шешуге - құқық қорғау қызметінің беделін арттыруға ықпал етті. Жеке компаниялар қызметкерлерінің еңбекақысының мөлшерімен салыстырылатын жалақының жоғары деңгейі азаматтық сектордан және басқа да мемлекеттік органдардан жоғары білікті кадрлардың келуін қамтамасыз етті.

Бүгінгі таңда жеке құрам басқа құқық қорғау және арнайы органдардың жоғары білікті мамандарымен айтарлықтай күшейтілді:

7 – еуінің Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министрдің Кеңсесінде, 15-інің ұлттық қауіпсіздік органдарында, 29-ының прокуратурада, 17-сінің азаматтық секторда жұмыс тәжірибесі бар. Оның ішінде әрқайсысы Агенттіктің ұйымдық құрылымында маңызды орындарға ие.

Агенттіктегі мемлекеттік қызметтің беделі мен тартымдылығын атап өткен жөн. Мұны бізге жұмысқа кіруге ниет білдірушілердің саны дәлелдейді. Осылайша, «Б» корпусының бос лауазымдарына орналасуға арналған конкурстарға орта есеппен бір орынға 21 үміткер қатысады. Бұл басқа орталық мемлекеттік органдарға үміткерлердің орташа көрсеткішінен 3 есе жоғары – бір орынға 7 адам.

Жалпы жекелеген лауазымдарға конкурсқа қатысушылар саны 1 орынға 37 адамға дейін жетеді.

Кадр саясатын құру кезінде қызметкерлердің білім сапасына баса назар аударылды. Қазіргі уақытта Агенттікте шетелдік жоғары оқу орындарының 32 түлегі жұмыс істейді, олардың 12-і «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған. 2 қызметкер PhD дәрежесіне ие, тағы екеуі оны алуға дайындалуда, 10 қызметкер ғылым кандидаты, 127-сі магистр.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта шетелдік жоғары оқу орындарында 7 адам, оның ішінде алтауы «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алуда. Сондай-ақ, Сот төрелігі академиясында – 2, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында – 3, Құқық қорғау органдарының академиясында – 2 адам докторантура және магистратура бағдарламалары бойынша оқуда.

Агенттіктің 5 қызметкері Президенттік Жастар кадрлық резервінің мүшелері болып табылады, бұл ведомствоның аз санын ескере отырып, мемлекеттік органдар арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі екенін атап өту жөн.

Агенттік қызметкерлері жоғары кәсіби қасиеттерден басқа әртүрлі салаларда басқа таланттарға ие. Мысалы, Қарағанды облысында таэквондодан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 1-дан қара белбеу иегері, екі дүркін әлем чемпионы, Әлем кубогының абсолютті иегері Әлия Сүлейменова жұмыс істейді. Көптеген қызметкерлер шығармашылықпен айналысады, олардың кейбіреулері республикалық конкурстардың лауреаттары. Ақмола облысы бойынша департаменті басшыларының бірі Арман Бердалин халықаралық және республикалық айтыстардың жеңімпазы, бірнеше өлең кітаптардың авторы, ақындардың халықаралық одағының мүшесі болып табылады.

Жоғары тұрған лауазымдарға кадрлық іріктеудің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету, лауазымдық иерархияның жоғарғы сатыларына қызметкерлердің тең қол жетімділігі қағидатын іске асыру мақсатында басшы лауазымдарға іріктеу конкурстық негізде жүзеге асырылады.

Жалпы алғанда, 100-ден астам адам жоғары лауазымдарға ұсынылды, бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің меритократия қағидатын ұстанатынын куәландырады.

Сонымен қатар, жауапкершілікті арттыру және заңдылық пен қызметтік тәртіпті нығайту мақсатында барлық басшылар өздеріне бағынышты қызметкерлері тіпті бір ғана сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасаған жағдайда лауазымынан ерікті түрде босату туралы жазбаша міндеттеме алды. Қатардағы қызметкерлер де осы бастамамен жазбаша түрде хабардар етілді.

Агенттіктің кадрлық жұмысындағы жаңашылдық «Парасатты адам пара алмайды» деген халқымыздың даналық сөздері негізге алынған, жеке құрамды адал, салауатты, әлеуметтік жауапты және әдепті өмір салтын жүргізуге уәждемелеудің түбегейлі жаңа құралы - қызметкерлердің жеке парасаттылық карталары болып отыр.

Кадр мәселелерін орталықтандырумен қатар бизнес-процестерді автоматтандыру бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. HR-аналитика қағидаттарын пайдалана отырып, Е-кадрлар жүйесі енгізілуде.

Қызметкерлерді оқыту мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді.

149 қызметкер Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында және Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында біліктілікті арттыру курстарынан өтті.

Бұдан басқа, қызметтік даярлық шеңберінде орталық аппарат пен аумақтық департаменттердің жеке құрамымен апта сайын сабақтар өткізіледі. Айталық, «Адалдық сағаты», тұрғын үй төлемдерін тағайындау тәртібі туралы сабақтар өткізілді, жалпыға бірдей декларациялау, мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілігін қатаңдату, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттығына сайлауды ұйымдастыру тәртібі және т. б. бойынша талаптар жеткізілді.

Агенттікте алғаш рет психологиялық қызмет құрылды, орталықта және әрбір өңірлік бөлімшеде психологтардың штаттық лауазымдары енгізілді, психологиялық жеңілдету кабинеттері жабдықталды.

Агенттіктің бастамасымен мемлекеттік органдар арасында алғаш рет «Жұмыс орнындағы әл-ауқат» жобасы іске асырылуда. Жобаның мақсаты жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасындағы өзара қарым-қатынасты жақсарту саласында халықаралық тәжірибені енгізу болып табылады.

Ынталандыру жеке сіңірген еңбегі мен қосқан үлесі негізінде, наградалар иерархиясын міндетті түрде сақтай отырып (төменгіден жоғары деңгейге) қызметкерлерді «атаулы ынталандыру» тәжірибесі енгізілді.

Көтермелеудің дәстүрлі құралдарынан басқа органда қызметкерлердің ата-аналарына қосқан үлесі үшін алғыс хаттарды жолдау қолданылады. Бұл қызметкерлерді моральдық тұрғыдан ынталандырады, олардың санасында жұмысына деген құрмет пен оның нәтижелерінің маңыздылығын түсінуді нығайтады.

Бұдан басқа, ұжымда қолайлы моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыру шеңберінде тұрақты негізде Төрағаның атынан Агенттіктің және аумақтық департаменттердің қызметкерлері мен ерікті жалданбалы құрамының жұмыскерлеріне туған күндеріне байланысты құттықтау хаттары дайындалады. Құттықтаулар дауыс күшейту байланысы арқылы да айтылады.

Мемлекет Басшысының біздің ведомствоның қызметіне жоғары баға беруі ерекше назар аударуға лайықты.

Өткен жылы 2 қызметкер генерал атағына ие болса, 13 қызметкер мемлекеттік наградалармен наградталды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Агенттіктің жоғары генералдық атақтар беруді көздейтін, атап айтқанда, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары департаменттерінің басшылары үшін лауазымдар тізбесін кеңейту туралы бастамасын қолдады.

Ұжымда қолайлы моральдық-психологиялық климатты қалыптастырудың маңызды шарттарына оның қызметкерлерін әлеуметтік қамсыздандыру жатады. Мысалы, тұрғын үй мәселесін шешу қызметкерлердің тиісті уәждемесін қамтамасыз ету мақсатында ғана емес, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу үшін де стратегиялық маңызды болып табылады. Егер қызметкер күнделікті тұрғын үй және басқа да тұрмыстық мәселелерге алаңдаса, сыбайлас жемқорлық азғыруларына бой алдыру ықтималдығы әлдеқайда жоғары.

Бүгінгі күні жеке құрамның 80% - дан астамы тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Агенттіктің жедел-тергеу құрамының қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерін белгілеу туралы Заңға қол қойды. Өткен жылдың соңында олар тұрғын үйге мұқтаж 260 қызметкерге есептелді.

Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан, Көкшетау және Талдықорған қалаларында 121 қызметкерге құны нарықтық бағадан төмен пәтерлерді алу үшін құрылыс салушылармен келісім жасалды.

Өткен жылдың маусым айында Агенттік жанынан «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарының қазақстандық ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылды.

Бұл Кеңеске қаржы полициясы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарының ардагерлері кірді. Олардың міндеттеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдары қызметкерлерінің жас буынын патриоттық және құқықтық тәрбиелеу, олардың кәсібилігін арттыру, қызметтік борышын мінсіз орындау бойынша санасын қалыптастыру, сондай-ақ қызметтік әрекетте, күнделікті қызметте заңдылықты сақтауда тәжірибелік және әдістемелік көмек көрсету жатады.

Жақын келешекте кадрлық жұмыс бағыты бойынша үздік шетелдік және отандық корпоративтік тәжірибелер негізінде адами капиталды дамыту мәселелері басымдықта болады.

Өзекті құзыреттерді қалыптастыру үшін қызметкерлерді үздіксіз оқыту мен олардың біліктілігін арттырудың қазіргі заманғы жүйесі құрылатын болады.

Басты назар кәсіби білімді жетілдіруге ғана емес, икемді дағдыларды дамытуға да аударылатын болады. Сөз креативтілік, қатынасқа әзірлік, сыни ойлау, көшбасшылық, командада жұмыс істеу, нәтижеге бағдарлануда болып отыр.

Осыған байланысты органның кадр саясаты Қазақстанның, жақын және алыс шетелдердің жетекші оқу орындарымен сындарлы және әріптестік қарым-қатынас құруға бағытталатын болады.


Соңғы жаңалықтар