Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік «Парасатты отбасы» байқауын жариялады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Парасатты отбасы» республикалық байқауын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Байқау «Адалдық алаңы» республикалық жобалық кеңсесі аясында парасатты отбасы құндылықтарын насихаттау, отбасындағы бауырмалдық, қайырымдылық, достық қарым-қатынасты қалыптастыру, парасатты тұлғаны дамыту, қайырымды оқушыны анықтау мақсатында өткізіледі. Байқау қатысушыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті мен азаматтық ұстанымдарына мән беріледі. Сондай-ақ, балалары қоғамдық іс-шараларға белсене қатысатын, спорт немесе өнермен шұғылданатын, ата-ана тәрбиесін қоғамдық өмірде көрсете алатын, көптеген әдеби-публицистикалық әдебиеттерден хабардар болуы тиіс», - деді «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Мирас Қарғабай ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, байқау екі кезеңнен құралған. Бірінші – аудандық (қалалық) кезеңінде қатысушылар «Отбасымның тарихы» тақырыбында өз ата-бабалары, отбасы тарихы туралы зерттеу жұмыстарын әзірлейді.

Байқаудың екінші – облыстық кезеңінде қатысушылар «Менің отбасым» атты бейнеролик әзірлеуі тиіс. Бейнесюжет арқылы сайыскер отбасының еңбектегі, оқудағы жетістіктері, әдет-ғұрып, жөн-жоралғыларға қаншалықты мән беріп, бос уақыттарын қалай өткізетіндігі жайында мәліметтер ұсынуы қажет.

«Бейнероликті «Отбасы шығармашылығы», «Отбасылық туризм», «Ұрпақтар естелігі», «Отбасылық бастама» бағыттарында әзірлеуге болады. Байқау қорытындысында, қазылар алқасы үздік деп танылған жанұяларды «Парасатты отбасы», «Көптілді отбасы», «Үздік оқырман отбасы», «Зияткер отбасы», «Шығармашыл отбасы», «Шеберлер отбасы», «Өнерлі отбасы», «Жомарт отбасы», «Саяхатшы отбасы» номинациялары бойынша анықтайды», - деді спикер.

Жеңімпаздар І, ІІ және ІІІ орындар және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Республикалық кезеңге өткен отбасылар Агенттік ұйымдастыратын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне арналған мерекелік шарада марапатталады.

Соңғы жаңалықтар