Сыбайлас жемқорлық: Жамбылда биыл 93 қылмыстық іс сотқа жолданған

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында ағымдағы жылдың тоғыз айында 89 тұлға сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық жауапқа тартылды,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев айтты.

«Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 9 айында Департамент 93 (2018 – 62) қылмыстық істі сотқа жолдаған болса, 89 (2018 – 40) тұлға қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапқа тартылған. Сонымен бірге, қылмыстық құқық бұзушылықтар және басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнінде мемлекеттік органдарға 151 ұсыным жолданды, оның 80-і қаралып, 88-і әртүрлі санаттағы лауазымды тұлғалар тәртіптік жазаға тартылды»,-деді департамент басшысы.

Ағымдағы жылдың 9 айында Жамбыл облысында 53 жергілікті атқарушы органның лауазымды тұлғаларына қатысты сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстық іс тіркелген. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, өткен жылы дәл осындай мерзімдегі бұл көрсеткіш 34-ті құраған болатын. Бұл орайда 13 факт өңірде орын алған болса, аудандар мен қала бойынша 10 адам жауапқа тартылған.

Брифингте Transparency International Kazakhstan қоғамдық қорының еліміздегі жемқорлықтың деңгейін анықтауға арналған зерттеу жұмыстары туралы да айтылды. Мәселен, мемлекеттік құрылым қызметкерлері қаншалықты сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар екен деген сауалда облыс бойынша басшылар 50 пайыз болса, мамандар - 64 пайызды көрсеткен.

Сыбайлас жемқорлық қылмыстарының алдын алу бойынша осы уақытқа дейін түрлі профилактикалық жұмыстар жүргізілген. Осыған қарамастан қоғамда бұл санаттағы қылмыстар тыйылар емес. Бұл бір мемлекеттік құрылымның ғана емес, жалпы қоғам болып қарсы шыққанда ғана жойылатын әрекет дейді, сала мамандары.

Соңғы жаңалықтар