+7 (701) 759 90 19
USD 420.79 EUR 511.98
RUB 5.67 CNY 64.46
Jańalyqtar

Сүт безі қатерлі ісігінің белгісі байқалмайды, сондықтан жыл сайын тексерілу қажет – дәрігер-маммолог

2020 жылғы 27 қазан 13:34
Бөлісіңіз:
Сүт безі қатерлі ісігінің белгісі байқалмайды, сондықтан жыл сайын тексерілу қажет – дәрігер-маммолог

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында сүт безінің қатерлі ісігі онкологиялық аурулар ішінде бірінші орында тұр. Өткен тоғыз айдың ішінде қауіпті дерт жаңадан 151 әйелде анықталған. Облыстық аурухананың онкологиялық орталығының маммолог-дәрігері Майя Тоқсанова ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат беріп, сүт безінің обырына қатысты ақпаратпен бөлісті.

Ұқсас жаңалықтар
Вакцина коронавирустан 100% қорғай ма – профессор жауабы СҚО-да дәрі-дәрмек және медицина бұйымдарының тұрақтандыру қоры ашылды Теңіз кенішінде қарашадан бері 140 жұмысшы коронавирус жұқтырды

- Майя Маратқызы, сүт безі қатерлі ісігінің белгілері бар ма?

- Сүт безі қатерлі ісігінің белгілері сырт көзге аса байқала бермейді. Бұл дерт сонысымен де қауіпті. Өйткені обырдың алғашы екі кезеңінде кеудеде еш өзгеріс болмауы мүмкін, тіпті ауырмайды да. Ал асқынған сайын көкіректе ассиметрия пайда болады. Төс тығыздалып, сұйықтық бөлінуі мүмкін. Терісі қабыршақтанып, апельсин қабығына ұқсайды.

Сүт безі өздігінен өте сирек ауырады. Көбіне ол етеккір келер алдында жайсыздық тудыруы мүмкін. Бұл – қалыпты жағдай. Маған пациент келгенде кеудесінің қай жері ауыратынын сұраймын. Сүт безі кеуде қуысында орналасқан, сол себепті торакалгияның салдарынан көкірегі ауырады деп ойлайды.

Ал сүт безінің қатерлі ісігінде көкірек ауырмайды. Сондықтан тексерілуге келген сырқаттарға обыр барлығын айтқанда, менің еш жерім ауырмайды ғой деп таң қалып жатады.

- Қай уақытта дәрігерге көрінген жөн?

- Етеккір басталғаннан кейін 7-9 күні дәрігерге көріну қажет. Ісікті тек қана ультрадыбыстық зерттеу немесе рентгенологиялық маммография арқылы табады. Бірақ РММ аппаратын 40 жасқа дейін қолдануға болмайды.

- Сүт безінің қатерлі ісігі негізінен қай жастан кейін пайда болуы мүмкін?

- Ауру орта жастан асқан әйелдерде, яғни 55-60 жастан кейін табылады. Бірақ соңғы кезде жас қыз-келіншектер де ауыратын болған. 30-45 жас аралығындағы әйелдерге де осы диагноз қойылатын болған. Олар барлық тіркелетін сырқаттардың 7% құрайды.

Сүт безі қатерлі ісігі жастарда болған жағдайда оны көбінесе әйел өзі анықтайды. Сондай-ақ mts түйіндер қолтық астында пайда болады. Тағы бір ерекшелігі негізінен обырдың агрессивті түрі дамиды.

- Кеудеге имплант қою обырдың пайда болуына әсер етеді ме?

- Жоқ, бұл ғылыми түрде дәлелденді. Бірақ УДЗ, ММГ диагностикадан үнемі өтіп тұру қажет. Бұл екеуі екі түрлі зерттеу болғанымен, бір-бірін жақсы толықтырады. Бірақ имплант қойдыру басқа аурудың пайда болуына әсер етуі мүмкін. Ол - анапластикалық ірі жасушалы лимфома. Ал фиброаденома анықталса, оны бүгінде 2 см аспайынша алмайды. Бұл қатерсіз ісік.

- Мастопатия деген не?

- Бұл посткеңестік дәрігерлердің сүйікті термині деп айтар едім. Өйткені шындығына келгенде мастопатия деген диагноз жоқ. Сүт безі – гормонға тәуелді орган. Гормондық фондағы өзгеріс оған әсер етіп, ауыруы мүмкін. Мәселен, қалқанша без, гипофиз аденомасы, гинекологиялық ауруларға байланысты. Сол себепті тек қана сүт безін емдеудің нәтижесі шамалы. Негізгі ауруды анықтау қажет, ал сүт безінің ауырғанын жеңілдету үшін жақпа майларды пайдалануға болады. Келген сырқаттарды эндокринолог пен невропатологке кеңес алуға жіберетінім де сондықтан.

- Сүт безі қатерлі ісігі барларға бала тууға бола ма?

- Алдында айтып кеткенімдей, жас келіншектерде де обырдың бұл түрі анықталатын болған. Кейде жүкті әйелдерде анықталып жатады. Бірақ, қорқудың қажеті жоқ. Емдеу барысында әйелдің жағдайы ескеріліп, балаға зиян тимейтін жолдары таңдалады.

Сүт безі қатерлі ісігінен емделіп шыққаннан кейін бала сүйетіндер бар. 5 жылдан кейін жүкті болса қайталану тәуекелі кемиді.

- Қауіпті аурудың алдын алуға бола ма?

- Сүт безі қатерлі ісігінің пайда болуына көп нәрсе әсер етуі мүмкін, оның нақты себебі жоқ. Бірақ біз дұрыс тамақтану арқылы, яғни жеміс-жидекті көбірек жеу арқылы көптеген аурумен күресе аламыз. Темекіден бас тартып, спирттік ішімдіктерді азайтқан дұрыс. Спортпен шұғылдану қажет. Әйел уақытында бала туып, барынша ұзақ емізгені дұрыс. 40 жастан асқаннан кейін жылына бір рет УДЗ және екі жылда бір рет ММГ жасауға кеңес беремін.

- Әңгімеңізге рахмет!


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Ақерке Дәуренбекқызы

Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT