Сурдлимпиада жеңімпаздарына 250 мың долларға дейін сыйақы және пәтер беріледі
«Сурдлимпиада ойындарында біздің ойыншылар жақсы ойын көрсетті. Мақтанышпен айтуға болады. Барлығы 28 медаль қоржында, оның ішінде 3 алтын, 7 күміс және 18 қола бар. Бүгін жеңімпаздарды марапаттау салтанатын өткізіп жатырмыз. XXIV сурдлимпиадаға елімізден 100-ге жуық спортшы қатысты. Қазақстан бұл бәсекеге осымен жетінші рет қатысып отыр. Алдағы уақытта сурдлимпиадада ел намысын қорғайтын спортшы көбейе түседі деген ойдамын», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев.
Вице-министрдің айтуынша, қазақстандықтар XXIV сурдлимпиадаға спорттың 8 түрінен қатысты.
«Сурдлимпиада спортшыларын кеңінен насихаттау керек. Ерекше спортшыларымыз қол-аяғы сау спортшылармен бірдей ел намысын қорғап жүр. Спорттың қай түрінен жетістікке жетсе де, мемлекет тарапынан бәріне бірдей қаржылай сыйақы қарастырылған», - дейді ол.
Министр орынбасарының мәліметінше, XXIV сурдлимпиадада 1 орын алған спортшыға 250 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы беріледі.
2 орынға - 150 мың доллар, ал 3 орын иеленген спортшыға - 75 мың доллар сыйақы табысталады.
Одан бөлек, С. Ерғалиев жеңімпаз болған спортшыға 3 бөлмелі пәтер, 2 орын иеленсе 2 бөлмелі, ал 3 орынға тұрақтаған ойыншыға 1 бөлмелі пәтер беріледі.
Аталған салтанатты шарада спортшылардан бөлек жаттықтырушылар да сый-марапатқа ие болды.
Айта кетсек, XXIV сурдлимпиа ойындары биыл 1-15 мамыр аралығында Бразилияның Кашиас-де-Сул қаласында өтті.