«Super Қыз» кітабы танымал тұлғалардың өмір жолы мен қыз-келіншектерді толғандырған тақырыптар туралы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нәзипа Құлжанова, Фариза Оңғарсынова, Бибігүл Төлегенова, Аққағаз Досжанова. Өз өнерімен, дарынымен халқының ықыласына бөленіп, артында өшпес із қалдырған бұл есімдер қалың көпшілікке кеңінен танымал.

Жалпы, қазақ қоғамында ел дамуына елеулі үлес қосқан нәзік жандар аз емес. Олар өнер, білім, тәжірибесі кейінгі ұрпаққа үлгі-неге болып қала береді. Жоғарыда есімдері аталғандардан басқа қанша қыз-келіншекті танисыз? Олар қандай еңбек сіңіріп, өмір жолы арқылы нені насихаттайды? «SuperҚыз» кітабында осы туралы айтылады. Кітап авторы Динара Шайжүнісова осы кітапта әртүрлі салада жетістікке жетіп, қиындық атаулыны жеңген 50 қазақстандық әйелдің оқиғасы баяндалатынын айтты. «ҚазАқпарат» тілшісі еліміздегі үлгі тұтар әйелдер туралы толығырақ білуді ұсынады.

«Үш баланың анасы ретінде мені әйелдердің әртүрлі қабілетін дамытып, жүзеге асыру туралы ойлар мазалайтын. Технология дамыған, жаһандану заманында әйелдердің рөлі де өзгеріп барады. Қазіргі уақытта әйел – болашақ ұрпақтың анасы, отбасы, ошақ қасында жүретін адам ғана емес, ол – жұмысшы, басшы, кәсіпкер, қоғам қайраткері. Қазақ халқы ежелден қыз тәрбиесіне мән беріп, «Ұлыңды тәрбиелегенің – болашақ ер адамды тәрбиелегенің, қызыңды тәрбиелесең – тұтастай ұлтыңды тәрбиелегенің» деп айтады. Қыз баланы кішкентай кезінен бастап толыққанды тұлға болып қалыптасуға тәрбиелеу керек. Шетел әдебиетін егжей-тегжейлі зерттей келе, мен және менің тобым Қазақстанның жетістікке жеткен әйелдері туралы «SuperҚыз» деп аталатын антологияны шығардық. Онда қыз-келіншектерді шабыттандыратын әңгімелер жазылған», - дейді Динара Шайжүнісова.

Кітап авторы атап өткендей, жұмыс тобы кітапты шығармас бұрын әлемдік нарықты саралап, кейіпкерлер саны қанша болатынын, неше бөлімнен тұратынын, кітапты кім оқып, ол арқылы не жеткізгісі келетіндеріне дейін анықтап алған.

«Одан кейін кітап атауын қоюға кірістік. Кітап атауы оқырмандардың жүрегіне жол тапқанын қаладық. Кітап кейіпкерлерін таңдау барысында олардың Отан алдында қандай қызмет атқарып, өнер, білім, спорт, денсаулық сақтау, ғылым, бизнес және басқа салаларда әлемдік деңгейде қандай жетістікке жеткендеріне баса назар аудардық», - дейді кітап авторы.

Оның айтуынша, кітаптағы әңгімелер ашық дереккөз, энциклопедия мәтіні, басылым бетіндегі материалдар негізінде жасалған. Кейіпкерлердің портретін әлемге танымал 37 суретші-иллюстраторлар салған.

«Әр кейіпкерді жеке иллюстратор салды. Осылай ету арқылы біз тұлғаның жеке-дара ерекшелігін көрсеткіміз келді», - дейді ол.

Кітапты шығару барысында 8 адам жұмыс істеген. Кітаптың стратегиялық редакторы Динара Шайжүнісова, шығарушы - Лаура Сабанбаева, редактор әрі сұхбат алушы - Салтанат Дәрменшиева, қосымша авторлары Земфира Ержан мен Лиля Калаус болған. Сондай-ақ, топ құрамына Азамат Божаков, Ләйла Қабпасова және Айымгүл Орынбаева кіреді.

«Кітап оқырман қауымға жаңа есімдерді таныстыру үшін шығарылды. Мысалы, еліміздегі тұңғыш теңізші – Жанар Ибраева, Эверест шыңын бағындырушы – Людмила Савина, бүркітші қыз – Мақпал Әбдіразақова. Кітап жарыққа шыққаннан кейін Instagram-да тікелей эфирге шығып, кітап кейіпкерлерінен сұхбат алдым. Олармен әңгімелесу барысында кітап кейіпкерлері жан-жақты, мықты, өмірге құштар жандар екенін түсініп, оларды кітап кейіпкері етіп таңдаған кезде қателеспегенімізге көз жеткізе түсудемін», - дейді кітап авторы.

Ол кітаптағы кейіпкерлер қыз-келіншектерді мықты, ақылды, дана болуға баулып, жаңа белесті бағындырған кезде алға жаңа мақсат қоя білуге үйретеді.

«Балаларымды тәрбиелеген кезде мен өз күшіңмен бәріне қол жеткізуге болатынын ұғындырғым келеді. Қыздарым өз өмірінің басты кейіпкері өзі екенін түсінгенін қалаймын. Сол себепті де Қазақстандағы мықты, талантты әйелдер туралы кітап шығардық», - дейді Динара Шайжүнісова.

Ол кітап шығару барысында 6-7 жастан асқан аудиторияны көздегенін айтты.

«Біз балаларға оқуға ыңғайлы мәтін жазғымыз келді. Жалпы алғанда кітап балалар мен оның ата-аналарына арналған. Бұл кітап кішкентай қыз үшін де, ана үшін де, әже үшін де қызық болады деп ойлаймыз. Қазақстан тұрғындарының 52%-ы – әйелдер. Зерттеу жұмыстары көрсеткендей, кітапты сатып алатындар және оқитындардың көбі – әйелдер. Дегенмен кітап ер адамдардың да қызығушылығын тудырғанын қалаймыз, себебі әркімнің қызы, әпкесі, анасы, әжесі бар», - дейді ол.

Кітаптың басты мақсаты – қыздарға алдыға мақсат қойып, оған жетуді үйрету және эмоция, сезімдерін басқарып үйрету. Сондықтан кітапта эмоция интеллектісіне қатысты жаттығулар бар. Кітапты жетістікке жеткен 49 әйелдің өмір жолы баяндалған, 50-шы оқиға кітапты оқып отырған қыз туралы болмақ, сол себепті оған арнайы бет арналған. Ол жерге өз оқиғаңды жазып, суретіңді салуға болады.

Сондай-ақ, Динара Шайжүнісова кітаптың редакторы әрі алғашқы оқырманы болды.

«Тұңғышым Алина кітаптағы әңгімелерді оқып, пікірін айтып, маған көмектесті. Жолдасым да кітап шығару барысында белсенді көмектесіп, қолдау білдірді. Әр қызымның шабыттана оқитын өз кейіпкерлері бар», - дейді жоба авторы.

Ол әңгімесінде кітап жазу барысында неге басқа емес, осы тақырыпты таңдап алғаны туралы ойын айтты.

«Отбасы – ошақ қасында жүрген кезде даралығыңды сақтап қалу қиын. Өз мақсатыңа ұмтылып, өзіңді жоғалтып алмау – маңызды. Қазіргі уақытта жасөсіпірімдер әлеуметтік желіде мыңдаған лүпіл жинап отырған адамдарды үлгі тұтады. Ең бастысы – өзіңнің кім болғың келетінін, не қалайтыныңды түсініп алу», - дейді ол.

Сұхбат соңында үш қыздың анасы, жоба авторы Динара Шайжүнісова болашақ жоспарымен бөлісті.

«Келесі жолы ер балаларға арналған дәл осындай кітап шығарғымыз келеді. Еліміздегі ер балаларда да үлгі тұтатын азаматтар болсын», - дейді жоба авторы.


Соңғы жаңалықтар