«Сұңқар» оқиғасы: Балаларды соққыға жыққан тәрбиешіге қылмыстық іс қозғалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Сұңқар» демалыс орнында балаларды соққыға шыққан тәрбиешінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұл жайында ҚР Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Ерболат Мұхамеджан facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы күндері әлеуметтік желіде Түркістан облысы, Төле би ауданында орналасқан «Сұңқар» жекеменшік демалыс орнындағы оқиға көпшілікті мазалап жатқанын байқап отырмыз. Біріншіден, бірден айтайын балаға қарсы қолданған кез келген күштік іс-әрекет қатаң жазалануы қажет. Екіншіден, жергілікті атқарушы органның мәліметіне қарасақ, аталған мекеме облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің қорытындысын да алмаған«, - деп жазады ол.

Сонымен қатар оның дерегінше, аталған демалыс орны облыстық білім басқармасының лагерлер тізбесіне енбеген. Білім саласына қарасты мекеме емес, жекеменшік демалыс үйіне жатады.

«Сұңқар» демалыс орны мемлекеттік конкурсқа қатысып, ағымдағы жылдың жаз айларында Түлкібас ауданының 800-ден астам оқушысын, Шардара ауданының 50 баласын сауықтыруда. Құжаттары болмаса ол қалай конкурс ұтып алғаны зерттелетін болады. Қазіргі таңда тәрбиешінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Орын алған оқиға бойынша, бірнеше заңсыз әрекеттер байқалды. Құзыретті органдар аталған оқиға бойынша өз құзыреті аясында тексеріс жұмыстарын бастап, жағдайды жеке бақылауында ұстайды. Нәтижесі бойынша алдағы уақытта хабарланатын болады«, - деді Ерболат Мұхамеджан.

Соңғы жаңалықтар