Судьяның процестік рөлі түбегейлі өзгертіледі - Жоғарғы сот

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Жоғарғы сотының Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мейрамбек Таймерденов судьялар жұмысында жоспарланып отырған өзгерістер туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда талқылануда.

«Заң жобасы үш бағыттан тұрады. Біріншіден, соттар жұмысын заманауи форматқа келтіру. Екіншіден, азаматтық процестегі тиімділікті арттыру, үшіншіден, сот ісін жүргізудегі цифрландыру қамтылды. Бұл түзетулер біздің азаматтарға не береді? Соттарға «неге судья істі қарағанда оның ақ-қарасына терең үңілмейді», «неге тек ұсынылған дәлелдерді қанағаттандырып, шешім шығарады» деген сын айтылады. Осыған себеп - қолданыстағы Азаматтық процестік кодекстің талабы. Кодекс бойынша судья ешбір жағдайда талап-арыз аясынан шықпауы тиіс, оны міндеттеп қойған. Тараптар нені талап етсе, тек сол мәселені қарап, тек сол мәселе бойынша ғана шешім қабылдауы керек. Өз бетінше басқа мән-жайларды анықтауға, өзге дәлелдерді сұратуға судьялардың еш құқығы жоқ», - деді Мейрамбек Таймерденов.

Осы орайда ол бүгінгі Азаматтық процестік кодексте судьяның қолы байлаулы екенін атап өтті.

«Бұл проблеманы шешудің бір ғана жолы бар, яғни судьяның процестік рөлін түбегейлі өзгерту. Әділ шешім қабылдау үшін ол дауды жан-жақты, егжей-тегжейлі түсініп, анықтауы қажет. Бұл дегеніміз, судья процестік жағынан еркін болуы қажет. Қандай уәжді немесе дәлелдерді зерттеу керек екенін ол өзі анықтауы қажет. Бұл біз ашып отырған жаңалық емес, озық дамыған елдердің соттарында қалыптасқан тәжірибе», - деді Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы.

Оған қоса, жоба бойынша судьяларды қабылдаған шешімдерін, құқықтық салдарын, яғни судьяның нақты осы іс бойынша неге мұндай шешімге келгендігін тараптарға процестен кейін түсіндіруді міндеттеу ескерілген.


Соңғы жаңалықтар