Судьялардың жүктемесі біршама кеміді - Түркістан облысы

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында соттар өткен жылғы жұмыстарын қортындылап, сот төрелігін жүзеге асыру нәтижелері бойынша кеңейтілген жиналыс өткізді. Жиынға облыстық соттың төрағасы Талғат Баратбеков пен облыстық соттың алқа төрағалары, судьялары мен аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиынды облыстық соттың төрағасы Талған Баратбеков ашып, 2019 жылдың сот жүйесі үшін көптеген жағымды өзгерістермен ерекшеленгенін атап өтті. Сонымен қатар, төраға Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтың 2020 жылды коммуникация жылы деп жариялағанын еске салып, биыл да сот төрелігін атқару бойынша нәтижелі жұмыс атқарылатынына сенім білдірді.

Жиында сондай-ақ, азаматтық, әкімшілік және қылмыстық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асырудың қорытындылары туралы Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Түгел Бекімбетов пен Қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасының міндетін атқарушы Таубай Қадырбаевтың баяндамалары тыңдалды. Алқа төрағалары сот төрелігі мен пилоттық жобаларды іске асыру бойынша есепті кезеңде жеткен жетістіктер мен жіберілген кемшіліктер туралы статистикалық мәліметтер келтіре отырып, бірқатар аудандық соттардың жұмыстарына қатысты сын пікірлерін білдірді. Судьялардың іс-әрекетіне арыз-шағымдарды қарау тобының жұмысы жөнінде облыстық соттың судьясы Клара Жаппасова баяндады. Ол өз сөзінде «Сапалы нәтиже» жобасында көзделген мақсаттарының бірі - шағымдардың санын азайту болып табылатынын және бұл көрсеткіш соттарға түскен шағымдардың санымен өлшенетінін айтты.

Облыстық соттың төрағасы Талғат Баратбеков кеңейтілген кеңестің жұмысын қорытындылай келе, жылдан-жылға судьялардың жүктемесі кеміп отырғанына назар аударды. Олардың сапалы жұмыс жасауына, істерді мерзімінде қарауына, татуласу рәсімдерін кеңінен қолдануға, сондай-ақ сот актілерін заңға сәйкес және түсінікті жазуға, тараптарға түсіндіруге толық мүмкіндіктері бар екенін атап өтті. Сонымен қатар, Талғат Баратбеков аудандық соттардың төрағаларына жұмыста жіберілген кемшіліктерді жою үшін тиісті шараларды қолдануды тапсырды. «Сот төрелігінің жеті түйіні» бағдарламасында көзделген тапсырмаларды одан әрі іске асыру, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу бағытында атқарылуы тиіс жұмыстарды нақтылады.


Соңғы жаңалықтар