Су тасқыны: ШҚО-ның Бесқарағай ауданында жағдай тұрақты

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысында су тасқынына қатысты жағдайы бірқалыпты. Өңірдегі өзендердің басым бөлігінде сең жүрді. Кей жерлерде мұз кептеліп қалғаны байқалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бесқарағай ауданында Кривинка ауылынан батысқа қарай 6-7 шақырымда Ертісте мұз кептеліп, өзен арнасынан шығып кетті.

Кривинский орта мектебінде жергілікті атқарушы органдар мен ТЖ қызметкерлерінен жедел штаб құрылды. Су тасу қаупі бар жерлерде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. 6 бекет орнатылды. Судың деңгейі күрт өзгеріп тұр.

Жергілікті әкімдік Жетіжар ауылында су тасқыны болған жағдайда адамдарды орналастыруға арналған эвакуациялық бекеттер әзірлеп қойды.

Қазіргі уақытта құтқарушылар мен полиция қызметкерлері қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жергілікті тұрғындарға су тасқыны кезінде қалай әрекет жасау керектігі жөнінде нұсқаулықтар өткізіп жатыр.

Бүгін мұз кептелген жерге облыс әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков пен облыстық ТЖД бастығы Нұрлан Мадияров ұшып кетті.

Жағдай бақылауға алынды. Кривинка ауылында 11 техника, 2 қайық, ШҚО ТЖД жеке құрамның 16 қызметшісі, жергілікті атқарушы органдардан 12 адам және аудандық полиция бөлімінен 6 қызметкер бар.

Соңғы жаңалықтар