Су ресурстарын басқарудың 10 жылдық бағдарламасы әзірленіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ғалымдар 2015-2019 жылдар аралығында елдегі 17,9 млн гектар алқаптың топырағына агрохимиялық зерттеу жүргізген болатын. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары ҚазАқпарат тілшісіне осы зерттеудің жалпы қорытындысын баяндап берді.

Еліміздегі егіс алқаптарының 1 пайызында ғана қарашірік мөлшері жоғары. Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Республикалық агрохимиялық қызмет» ғылыми-әдістемелік орталығы осындай қорытындыға келіпті. 2015-2019 жылдар аралығында орталық мамандары 17,9 млн гектар алқаптың топырағына агрохимиялық зерттеу жүргізген. Бұл елдегі жалпы егіс алқабының 69,3 пайызына тең. Осыншама алқаптың 76 пайызында қарашірік мөлшері төмен екені анықталған көрінеді. Әсіресе суармалы егіншілікке қолайлы саналатын оңтүстік өңірлерде қарашірік аз болып шыққан. Ал гумус мөлшері орташа алқаптардың үлесі –23 пайыз. Солтүстік Қазақстан облысындағы алқаптардың 50,7 пайызында қарашірік мөлшері орташа екені белгілі болып отыр. Санмен сипаттасақ, өңірдегі 1,5 млн гектар алқап осы санатқа жатады. Ал гумустың мөлшері жоғары деп танылған алқаптардың үлесі 2 пайыз деңгейінде. Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарында да қарашірігі мол алқаптардың үлесі 2 пайыздың айналасында. Алайда Шығыстағы қарашірігі мол телімдердің көбі тау бөктерінде жатыр. Мұнда топырақ қарашірікке бай болғанымен, ерте жетілетін дақыл егудің маңызы зор.

Совет заманында жер түгелдей мемлекеттің меншігінде болғандықтан, егіс алқаптарын эррозиядан сақтауға да мемлекет жауапты болатын. Тек жоспарлы түрде тыңайтқыш сеуіп қана қоймай, әр облыс пен ауданның, ауыл мен кеңшардың егіс рационын бақылауда ұстайтын. Ал қазір шаруа қожалықтары мен ірі жер иелері де бизнес өкілі болғандықтан, аумақтық инспекциялар мен агрономдар диқанның ішкі шаруасына бұрынғыдай килігіп, айтқанымен жүргізе алмайды. Сондықтан жерді тиімді пайдалану жөнінде кеңес беріп, насихат айтумен ғана шектеледі. Есесіне жерін күтіп ұстайтын шаруаларды қаржылай ынталандыру жүйесі бар.

«Қазіргі уақытта танаптардың өнімділік деңгейін арттыру мақсатында мемлекет минералдық тыңайтқыштарды сатып алуды субсидиялап отыр. Субсидия мөлшері тыңайтқыштардың шыққан еліне қарамастан нарықтағы ең төменгі бағасының жартысына тең. Тыңайтқышқа берілетін субсидиялар сомасы жыл сайын ұлғаюда. 2019 жылы ғылыми қажеттіліктің 18%-і енгізілді. Тыңайтылған алқап жалпы егіс алқабының 25-30%-ін құрайды», - дейді Агротехнологиялар мен аргрохимия басқармасының басшысы Динара Әшімова.

Аграрлық салада алға озып кеткен елдер бұл тұста дәстүрлі дақылдардың орнын рапс, соя сияқты шығынын еселеп ақтайтын дақылдарман алмастырып тастаған бүгінде. Бұл тенденция біртіндеп бізге де еніп жатыр.

«Кейінгі жылдары бірыңғай бидай ғана егілетін телімдер мен күріш, мақта сияқты суды көп шығындайтын дақылдардың алқаптарын қысқартып, егістікті әртараптандыруға күш салынуда. Ол үшін көкөніс-бақша, жемшөп, майлы дақылдардың алқабы кеңейтіліп жатыр», - дейді Динара Әшімова.

Ұланғайыр даламыздың бір шетіндегі топырағы екінші шетіндегі топырақтан мүлде өзгеше екенін ғылыми зерттеулер де дәлелдеп отыр. Бұл рейтингтен солтүстік өңірлердегі диқандар топырақтың құнарына сенсе, оңтүстік өңірлер суға сенетінін көруге болады. Топырақ құнарын сақтау үшін ұдайы субсидия бөлініп отырса, суармалы алқаптардың әлеуетін барынша пайдалану үшін мемлекеттік бағадарламалар қолға алынып келеді. Мысалы, агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша 610 мың гектар алқапта суару жүйелерін қалпына келтіру көзделген. Осы меже бойынша 2017-2019 жылдары 146 мың гектар суармалы алқап қалпына келтірілген.

Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің мелиорация басқармасының басшысы Медет Жәдігерұлының айтуынша, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі су ресурстарын басқарудың 2020-2030 жылдарға арналған мемлекеттік бағдараламасын әзірлеп жатқан көрінеді. Сурамалы егіске жарамды жердің қалған бөлігі осы бағдарлама аясында игерілуге тиіс.

Қазақстан банктерінің ауылшаруашылық жобаларды қаржыландыруға құлықсыз екені жиі айтылады. Отандық банктердің кежегесі кейін тартқанмен, халықаралық қаржы институттары сурмалы жерге салынған әр доллар ертең еселеніп қайтатынын жақсы түсініп отыр.

Мәселен, Еуропа қайта құру және даму банкі жалпы аумағы 92,7 мың гектар алқапты суармалы ету жобасына инвестиция салып отыр. Ол жобаға Түркістан облысынан 25,7 мың гектар, Жамбыл облысынан 51,023 мың гектар, Ақтөбе облысынан 15,9 мың гектар алқап кірген. 2018-2024 жылдарға арналған жобаның жалпы құны 60,9 млрд. теңге. Оның 53,9 млрд теңгесі несиеге алынса, 7 млрд теңгесі республикалық бюджеттен қарастырылған.

Ал Ислам даму банкі Түркістан және Алматы облыстарындағы 136,4 мың гектар жерде суармалы жүйелерді қалпына келтіру үшін 2018-2024 жылдар арасында 48,3 млрд теңге бөлуге уағдаласқан болатын.


Соңғы жаңалықтар