Су құбырының жөнделуіне байланысты көкшетаулықтарға ауызсу тасымалданып жеткізілуде

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетаудың «Сарыарқа» және «Жайлау» шағынаудандарындағы тұрғындар бірнеше күннен бері суды тасымалдап ішіп отыр. Ал қаланың орталығындағы тұрғын үйлерде судың қысымы төмен. Журналистермен өткен брифингте Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Ерназаров пен «Көкшетау су арнасы» коммуналдық кәсіпорнының бас директоры Ермек Өмірғалиев осы мәселені шешу бойынша атқарылып жатқан жұмыс туралы мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімі орынбасарының айтуынша, штаттық режимде Көкшетау қаласының су тұтынуы сумен жабдықтаудың екі көзінен - Шағалалы су қоймасынан (тәуліктік су алу – 15 мың текше метр) және Көкшетау топтық су құбырынан (Сергеев су қоймасынан тәуліктік су алу – 20 мың текше метр) жүзеге асырылады.

Жалпы, қалаға 35 мың текше метр су қажет.

2021 жылғы 31 тамызда «Нұра топтық су құбыры» коммуналдық кәсіпорны өзінің тұтынушыларын, оның ішінде «Көкшетау су арнасы» коммуналдық кәсіпорнын 6 қыркүйекте 15 күн мерзімге Көкшетау топтық су құбырында жоспарлы-профилактикалық жөндеу жүргізілетіні туралы хатпен хабардар етті.

Осыған байланысты су беру тоқтатылады.

«Көкшетау қаласының тұрғындарын ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету үшін келіп түскен ақпаратты назарға ала отырып, «Көкшетау су арнасы» коммуналдық кәсіпорны қолданыстағы резервуарларға 48 мың текше метр су қорын қамтамасыз етті. Қабылданған шаралар Көкшетау топтық су құбырынан су беруді 6 қыркүйектен 10 қыркүйекке дейін тоқтатқан сәттен бастап судың тұрақты берілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді», - деп түсіндірді Б.Ерназаров.

Көкшетау топтық су құбырынан су беруді тоқтатқаннан кейін 7 қыркүйектен бастап қазіргі уақытқа дейін кәсіпорын Шағалалы су қоймасынан су беру көлемін 15 мың текше метрден 26 мың текше метрге дейін ұлғайтты.

«Солтүстік және шығыс өнеркәсіптік аймақтарда орналасқан өнеркәсіптік кәсіпорындарды сумен шектеу туралы шешім қабылданды. Бұдан басқа, сорғы станциялары арқылы су көлемінің жетпеуіне байланысты кәсіпорын «Жайлау» және «Сарыарқа» шағын аудандарында сумен жабдықтауды шектеуге мәжбүр. Бұл шағын аудандарға күніне екі рет су жеткізу ұйымдастырылған», - деп атап өтті қала әкімінің орынбасары.

Ал «Көкшетау су арнасы» коммуналдық кәсіпорнының басшысы Е.Өмірғалиев түсіндіргендей, осындай жағдай Краснояр ауылында да қалыптасып отыр.

«Жалпы, осы шағын аудандарды қоспағанда Көкшетау қаласында су бар, тек кешкі уақытта жоғарғы қабат тұрғындарынан шағым түседі. Біздің тазарту қондырғыларымыз биік жерде тұр, су сорғы станцияларын іске қоспай-ақ қалаға ағынмен жеткізіледі. Бірақ «Сарыарқа» және «Жайлау» шағын аудандарына екінші көтермелі сорғы станциялары қызмет көрсетеді, сондықтан қиындықтар туындады және біз оларды шектеуге шешім қабылдадық», - деп түсіндірді Е.Өмірғалиев.


Соңғы жаңалықтар