Студенттік жатақханалардың жағдайы қандай: «Jas Otan» тексеру нәтижелерін жария етті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздегі студенттік жатақханаларда санитарлық нормалар сақталмайды. Бұл туралы бүгін «Nur Otan» «Jas Otan» жастар қанатының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз тексерген жатақханалардың 66-сында қарапайым санитарлық нормалар сақталмаған. Біздің ойымызша, бұл мәселені тез арада шешуіміз қажет. Сондай-ақ Алматы қаласындағы бір жоғары оқу орнында және бірқатар өңірлерде жатақхана бөлмелерін басқа азаматтарға «Крыша» сайты арқылы жалға береміз деген хабарландырулар жариялаған. Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау шаралары қабылданбаған. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласындағы политехникалық колледжде өрт кезінде сыртқа шығуға арналған есіктің үш құлыппен жабылып тұрғаны анықталды», - деді Елнұр Бейсенбаев.

Оның айтуынша, көптеген жатақханада жиһаздар жоқ. Мәселен, 4-5 адам тұратын бөлмеде бір ғана киім ілетін шкаф қойылған. Кейбір жатақханаларда ас дайындайтын бөлмелерде санитарлық нормалар сақталмайды. Ас пісіруге арналған пештен тышқан табылған жатақханалар да кездеседі. Кейбір жатақханаларды тамақ дайындайтын және кір жуатын бөлмелер біріктірілген. Соның салдарынан студенттер тамақты электр пешін қолдану арқылы бөлмелерінде дайындауға мәжбүр.

«Jas Otan» жастар қанаты елімізде тұрмыстық жағдайы ең нашар 15 жатақхана анықталған. Олардың қатарында Алматыдағы Қ.Сәтбаев атыдағы ҚазҰТЗУ, «Қайнар», «Алматы» университеттері, Қостанай инженерлік-экономикалық университеті, Шымкент қаласындағы №4 колледж, Нұр-Сұлтан қаласындағы политехникалық колледж, Тараз политехникалық колледжі, Батыс Қазақстан облысындағы Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университеті, Қызылорда облысындағы «Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институты сынды оқу орындары бар.

Бұған дейін елімізде 93 мыңға жуық студент жатақханадан орын ала алмай жүргенін хабарлаған едік.



Соңғы жаңалықтар