Степногор жастары еңбек ардагерлерімен кездесті

Фото: None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Степногор қалалық жастар ресурстық орталығы «Jana urpaq STEP» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, Еңбек күніне орай еңбек ардагерлерімен «Еңбек адамы» тақырыбында ұрпақтар кездесуін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Степногор қалалық жастар ресурстық орталығының мәліметінше, іс-шараның мақсаты - аға ұрпақ өкілдерін құрметтеу, жастардың назарын олардың мәселесін шешуге аудару, еліміздің, туған өлкенің тарихи өткеніне қызығушылықты арттыру, жоғары рухани-адамгершілік қағидаттарға, азаматтық жауапкершілікке, өз Отанына деген сүйіспеншілік пен адалдыққа тәрбиелеу.

«Қарт адамдарға жастар тарапынан құрмет көрсетілуі тиіс. Оларға жастардың көңіл бөлгені маңызды. Қазіргі таңда жас ұрпақ пен қарттардың арасындағы қарым-қатынасқа онша көңіл бөлінбей келеді. Жастарға рухани-адамгершілік және азаматтық-патриоттық тәрбие беруде қарттарымыздың ақыл-кеңесі жетіспейді. Қарттар мен мүгедектерге құрметпен қарау, оларға қолдау көрсету - өскелең ұрпақтың парызы. Отанымыз, өлкеміз, қаламыз, ауданымыз және бүгінгі жастар біздердің бақытты өмір сүруіміз үшін маңдай терін төккен аға ұрпақтың еңбегін ұмытуға еш құқымыз жоқ. Біз оларды және олардың еңбегін білуге және есте сақтауға міндеттіміз», - деп атап өтті Степногор қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрбану Қалхаманова.

Іс-шара аясында ардагерлерге дастархан жайылды.

Жылы шырайлы өткен кездесуде жастар ардагерлерге өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.

Жастар ән айтып, өлең оқып, би биледі.

Іс-шара соңында барлығы «Еңбек адамы» еңбек күнін мерекелеу шеңберінде ардагерлерге естелік сыйлықтар үлестірілді.


Соңғы жаңалықтар