«Сталинді атқаны үшін» сотталған қазақ - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай өзекті мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарындағы өңірлік баспасөзге шолу ұсынады.

Ұл әкеден үйренбей - «Сыр бойы» газеті 

«Сыр бойы» газетінде ұрпақ тәрбиесіне арналған мақала жарияланды. Онда автор әсіресе ұл бала тәрбиесіне қатысты мәселені қозғай келе, кешегі тәрбие дәстүрі жойылып бара жатқанын, бүгінгі күннің жағдайы бөлектенгеніне назар аудартады.

«Арнайы жүргізілген зерттеу бүгінде кез келген баланың бір күн ішінде әкесінен гөрі анасына көп сауал қоятынын дәлелдеген. Соған қарағанда балалардың дені анасын өзіне жақын қоятын секілді. Бұл нені аңғартады?» деген сұрақты төтеден қояды автор. 
null

Пайымынша, қазір баласының тағдырына, отбасының қамына көз қысып қарайтын, түзде тазы, үйде түлкі әкелер көбейген. Ал ондай әкенің бойынан «түлкіні көріп өскен бала түлкі, тыстан тазыны көріп, тазы болады», - дегенді келтіреді автор.

«Абай жолы» романында да мынадай бір тағылымды эпизод бар. Семей қаласында үш жыл оқып, жайлаудағы әкесінің үйіне күн кешкіре жетіп жығылған он үш жастағы шәкірт Абай аттан түскен бетте анасына қарай бет алады. Сонда байсалды Ұлжан: «Әй, балам, анда әкең тұр, әкеңе барып сәлем бер», - дейді. Бір сәтке балалық сезім жеңіп, қателік жіберіп алғанын түсінген жас Абай жалт бұрылып, әкесі Құнанбай бар шеткерірек тұрған оқшау топқа қарай адымдай жөнеледі. Ұлы жазушы М.Әуезов мұны халықтың жүрекке жылы тамаша дәстүрінен хабардар ету үшін ғана емес, оның тәрбиелік зор маңызын жоғары бағалағандықтан да келтіріп отырғаны анық».

«Сталинді атқаны үшін» сотталған қазақ - «Оn'tu'stіk Qazaqstan» газеті
null

«Оn'tu'stіk Qazaqstan» газеті қазақтың басындағы қасаң жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған Ермекбай Пернебаевтың басынан кешкенін жазыпты. Ермекбай ақсақалдың тауқымет-тағдыры да бір кітапқа арқау боларлықтай екен. Ол 1922 жылы Төле би ауданында туып, Екінші дүниежүзілік соғысқа бөлімше командирі болып қатысқан. Ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, бірқатар медальдармен марапатталған екен. Ауылға келгеннен кейін 10 ұжымшарға қарасты аймақта тәртіп сақшысы, учаскелік инспектор болады. Осы қызметте жүргенде болған сұмдық оқиға құқық қорғау саласында жүрген аяулы азаматтың бұдан былайғы өмірін күрт өзгертіп, сау басын саудаға салып қойған екен. Оқиға 1949 жылы 27 қазанда болған. Қысқаша айтқанда инспектор кеңсе жанында жүрісі күдікті автокөліктің жүргізушісін тексереді. Сүйтіп тұрғанда кеңседен екі орыс азаматы және таң атпай спиртті ішімдік ұрттап алған жергілікті бес тұрғын учаскелік милиционерге жабылып, соққыға жығады. Әлгі орыстың бірі мойнынан қылғындырып жатқанда, Ермекбай Пернебаев табельдік қаруын алып, оны атып өлтіреді, екіншісін жарақаттайды. Сөйтсе қайтыс болған облыстық тұтынушылар одағының экспедиторы, отставкадағы подполковник болып шығады. Бұл іс сотта үш рет қаралады.

«Біріншісінде аудандық сот учаскелік милиционердің әрекетін ақтағанымен, сол кездегі билік басында отырған кейбір шовинистік пиғылдағылар сот ісін Алматыдағы әскери трибуналға алдыртып, Ермекбайға қиянат жасап, жала жабады. «Өлген адамның қалтасында 25 сомдық бір бума ақшадағы Сталиннің шекесіне оқ тиді. Демек, Сталинді атты» деп өлім жазасын сұрайды. Тәртіп сақшысының қызмет бабында өзін-өзі қорғағаны ескерілмейді. Ақыры «кісі өлтіргені үшін 25 жыл», «Сталинді... атқаны үшін» тағы 5 жыл қосылады. Барлығы 30 жылға кесіліп, Ерекеңді Коми АССР-іне айдатып жібереді. Ермекбайдың соңында аяғы ауыр жас жұбайы жылап-сықтап қала береді. Кейін оның рұқсатымен әйелі тұрмыс құрады да, жетім бала өзгелерге көз түрткі болмас үшін нағашыларының тәрбиесінде қала береді».

Е.Пернебаев қатаң режимде 10 жыл жазасын өтеген жырақтағы Ухта қаласының түрмесіне Мәскеуден КСРО-ның кешенді инспекторлық тексеруі келіп, «Бұл іс әділетсіз шешілген» деп бұрынғы тәртіп сақшысын түрмеден босатады. Ермекбай елге қайтуға жүрексініп, сол жақта қалып қояды. Тек 1981 жылы Шымкент қаласына көшіп келіп, 1949 жылы дүниеге келген, нағашыларының тәрбиесінде өскен ұлы Қуанышпен 1988 жылы табысады. 1996 жылы қайтыс болған Ермекбай Пернебаевты тек 2005 жылы Қазақстан өкіметі «Саяси қуғын-сүргін құрбаны» деп таныған екен.

Ақүйіктік жастар әскерге баруға неге құлықсыз?- «Жаңақорған тынысы» газеті

null


Жаңақорған аудандық газетінде Отан қорғау міндетіне селқос қарайтын жастар туралы мақала бұған дейін де жазылған екен. Онда Ақүйік ауылдық округінің әскерге шақыру жұмыстары туралы айтылған. Осыған байланысты газет тілшісі мәселені тарқата түсу мақсатында Ақүйік жастарымен тікелей кездесіп, мән-жайға қаныққан.

«Алдымен, әскерге баруға тиіс 18-27 жас аралығындағы жігіттердің тізіміне көз жүгіртейік. Ауыл әкімінің міндетін атқарушы Ержан Кешубайдың мәліметінше, 116 ақүйіктік азамат Отан алдындағы міндетін атқаруға тиіс. Оның ішінде 1992-2000 жылғы туылған жастардың 64-і белгілі себеппен ауылда тұрмайтыны анықталған. Олардың қатарында студенттер, жалдамалы жұмысшылар, вахталық қызметкерлер және тағы басқа азаматтар жатады. Ал, 52-нің тұрғылықты мекенжайы мен қызметі анықталмаған». Шындығында аудандық газеттің осы мәселені көтеруі өте орынды. Өйткені бұл қазіргі Қазақстанның әрбір ауылында бар проблема. Сосын борышын өтеуге тиіс жастардың қатарында бес отбасылы азамат бар екен. Олар әскери борышын өтеуден қашпайтынын, бірақ бала-шағасын да бағуы керектігін айтыпты. Түйіндей айтқанда «әскерге барар-ақ едім» деп отырғандар да осы отбасы барлар көрінеді. Ал қалған жастар ше?

«Денсаулығы бар, тепсе темір үзетін жігіттердің Отан алдындағы жауапкершілігін сезіне бермейтіні қызық. Біздің мақсат - жастардың әскерге бармауында жауапты жақты кінәлау емес. Жергілікті жерлерде жүйелі жұмыс жүргізілсе де, әскерге ниеттенгендердің қарасы көбеймей тұр».


Сүлеймен хазірет құлпытасында не жазылған? - «Орал өңірі» газеті

null

«Орал өңірі» газеті дәстүрлі «Құлпытастар құпиясы» айдарымен Сүлеймен хазірет құлпытасы туралы мәліметтер береді.

«Ноғай қазақ руғы қойас тайфасы хаж балаларынан имамун әл- муслимин ... молла Сүлеймен хазірет Сары баласы ... бұ ташыны қойды әкесі Сары 1249 санада (миләдимен 1833 жыл)» деп жазылған екен құлпытаста.

Мағынасы: «Ноғай қазақ руы қойастайпасы, Сары баласы ... бұл тасты қойған әкесі Сары 1249 жылы (миләдимен 1833 жыл)».
Бисен мен Орда ауылдарының арасындағы құм жолдың бойындағы Сағи, Сүлеймен хазірет қорымындағы («Хазірет» атанған жер) №2 құлпытас. Өлшемі 100х32х16

«Сүлеймен хазірет Соқыранұлы (1800 - 1849) - діндар-ғұлама, Бөкей ордасынан шыққан зиялылардың бірі, Самарқандағы діни медресені тәмамдаған дамолла. Дін уағыздап, жергілікті медресе-мешіттерде дәріс оқыған. Жәңгір қайтыс болғанда Сүлеймен хазірет Құран оқып, жаназасын шығарған. Жергілікті халық хазірет жерленген жерді қасиетті жер санап, басына тәу етіп, садақа береді».

Қобыз жасайтын неміс - «Дидар» газеті
null

«Ұлттық аспап туралы айтқан ұста сөзіне қарап, қазақылықтың уызын ұртына жаққан қаракөздің бірі деп ойлайтыныңыз анық. Алайда бұл - неміс ұлтының өкілі Петр Круч есімді прима-қобыз жасаудың шебері. Қазақ болмаса да, «қарағайдың түбінен қайырып алған қобызым» деуге жарап тұрған жігіттің өзі» деп жазады қобыз жасаудың шебері туралы «Дидар» газеті.

Тілшімен сұхбатында неміс баласы музыкаға жаны құштар екенін, сосын қолөнерге қалай келгенін әңгімелепті. Петр алдымен скрипкаға қызығушылығы Өскеменде болған екен. Ал қобызға деген қызығушылығы Астанаға барғанда туса керек. Осылайша алдымен скрипка жасауды әбден меңгерген Петр кейін қобыз бен скрипканың қосындысындай болған прима-қобызды жасауды ойға алады. Өскемендегі мәдениет үйінің ішінен шағын шеберханасын ашады. Айтуынша, әбден зерттеп-зерделеуіне, көкейіндегі туындысын жобалауға бес жылдай уақыт жұмсаған. Осы уақыт аралығында жалпы қобыздың шығу тегімен, күй өнерімен және қазақтың белгілі қобызшыларымен танысқан.

«Соңғы бес жыл көлемінде ғана прима-қобыздың қыр соңына шындап түскен. Ағаштардың бар қасиетін түсінгенде ғана жасап шыққан аспабың сөйлейді дейді. Қолымен жасаған дүниесіне құдірет қонбай, тіл бітпей қалса, шебер үшін үлкен қасірет көрінеді. Ондай сәттерді Петр бастан кешкен. Өз баласындай туындысын еріксіз отқа тастаған кезі болған екен. Мұндайда ол: «мен аспапты емес, өзімді отқа саламын. Киелі аспап тілсіз болмайды. Ол сөйлеп кетуі керек. Сөйлемесе, ол - менің мінім. Жұмыс барысында әлденеден қателесуім мүмкін», - дейді.

Петрдің жасап жүргені, әлбетте, үйеңкінің түбінен үйіріп алып, желмаяның терісін шанақ қылған, ортекенің мүйізін тиек қылған, бесті айғырдың құйрығын ішек қылған Қорқыттың көне қобызы емес. Алайда прима-қобыздың бабын табу да оңай болмай шықты. Оған қажетті материалды жас шебер сан тараптан алдырады. Мәселен, мінсіз прима-қобызға қажетті үйеңкі Украина жерінен жеткізіледі. Шығыс Сібірдегі Ангараны бойлай өскен шыршаларды да аттай қалап алдырады. Ал ысқысы мен құлағына жарайтын ағаштар Оңтүстік Шығыс Азия аймағынан әкелінеді. Осының бәрі аз қаражатты қажет етпейтінін айтпаса да, түсініп отырсыз.

Жазы батыр мен Түгел батыр - «Сарыарқа самалы» газеті
null

Павлодар облысының киелі орындары тізбесіне енген нысандардың қатарында Ертіс ауданы Қызылағаш ауылының аумағындағы жазық төбедегі Жазы батыр мен Жуантөбедегі Түгел батырдың жерленген жері бар. «Сарыарқа самалы» газеті осы екі киелі орын туралы жазады.

Ел аузындағы аңыздарда қос батыр жақсы жолдас болған. Екеуі де Ертіс өңірінде жоңғарлармен шайқаста қаза тапқан. Жазы батыр - қыпшақтан шыққан Абылайдың әйгілі батырларының бірі.


Ол туралы деректер заманында көп болғанымен, қағаз бетіне түсіп сақталғаны аз. Зерттеуші Мағзұм Ахметұлы арабша жазылған шежіре дәптерінде былай деп жазады: «Қыпшақ Жазы батыр мен Бәсентиін Малайсары батыр Абылайдың соғысында садақ атып, жақ тартып, батырлық көрсетіп жаннан кешіп жүрген. Абылайда бұл екеуінен күшті батырлар болмаған. Жазы мен Малайсары келе жатқанда жаудың беті қайтып, үріккен қойдай болыпты. Қазақ жасағы қалмақпен соғысқанда қалмақты қойдай қырып, қалмақтың қызы менен қатынын жетім қылатын батырлары Жазы менен Малайсары екен. Жазы батыр жақ тартқанда, оның оғы нендей тас темірден өте шығады екен. Бір күні Абылай батырларының күшін сынау үшін жеті балтаны қатар қойып, осыдан атыңдар дегенде, Абылайдың басқа батырларының оғы бір-екі-ақ балтадан өте шығыпты. Абылай Жазының күшін сынау үшін, ішіне шеге мен жүн араластырып тігіп, қына артқан жеті түйені қатар қойып, сонан жақ тартқанда Жазының оғы одан да өте шыққан».

Мақалада Жазы батырдың қалмақтың Шарш батырына қарсы жекпе-жегі туралы да жазылады.

Жазы батыр Сілеті бойында, Бестөбе маңында болған сұрапыл соғыс кезінде зеңбірек оғынан мерт болған. Батырдың мәйіті туған жеріне жеткізіліп, Қызылағаш ауылы маңындағы кейін Жазы төбесі деп аталған биік төбеде жерленді.

null

Түгел батыр серігі Жазы батырдан көп өмір сүрген жоқ. Ол қалмақ алтынына қызыққан сатқындардың қолынан қаза тапты. Өлтіргендердің есімдері халық жадында сақталмаған. Олардың арасында әйел болған деседі.

Түгел батырдың зираты бұрынғы Көкшетау облысының аумағындағы (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысында ) Құмдыкөл көлінен алыс емес Жуантөбенің биіктігінде орналасқан.

Түгел батыр Жуантөбе деп аталатын дөңестің етегіндегі шағын ауылға жиі соғады екен. Бұл төбеге шығып қарағанда, жиырма-жиырма бес шақырымдық төңіректі шолуға болады екен. Батыр сол ауылдағы бір үйге келіп ауқаттанған ба әлде қонған ба, белгісіз. Сол кезде сатқын әйел ұрланып келіп, батырдың ерттеулі тұрған тұлпарының үзеңгісіне у жаққан дейді. Бұны аңғармаған батыр жолдастарымен атқа қонып, аттанып кетеді. Бірақ көпке ұзамай әлсірей бастағанын, уланғанын сезеді де ауылға қайта оралады. Батыр сол удың зардабынан көз жұмған деседі.

26 жастағы жылқышы қыз - «Қостанай таңы» газеті
null

«Қостанай таңы» газетінде мемлекеттік бағдарламадан шарапат алған жас кәсіпкер туралы жазыпты. «Біреу «мал ұстайды» десе, көз алдымызға, әдетте, ауылдағы алпамсадай жігіттер елестейді, бірақ бұл жолы олай емес. Арқалық қаласының 26 жастағы тұрғыны Салтанат Сыздықова бір үйір жылқы бағып отыр. Өрімдей қыздың бұл ісі көпке үлгі» деп жазады газет.

Жазуынша, кәсіпкер қыз «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан 4 пайызбен 5 млн теңге көлемінде несие алып, ата кәсіпке бет бұрған. Салтанат бұған дейін де жеке кәсіптің қыр-сырын меңгерген екен -Арқалық қаласында дүкені мен шаштаразы ашқан. Алған қаражатына 17 жылқы сатып алып, пайдасын көріп жатыр. Ол бар-жоғы 5 жылдың ішінде кәсіп көзін ұлғайтып үлгерген.

Бектөбелік алып адамдар - «Арай» газеті
null

Жуырда Жамбыл ауданындағы Бектөбе ауылының маңындағы құрылыс барысында ерек пішінді адамдардың бас сүйектері табылған. «Аса үлкен бас пен жақ сүйектері бір көргенде ертедегі, тіпті ертегідегі алып адамдарды елестеткені рас. Алайда, отыз екі тісі сау сақталған бассүйектер соңғы жүз жылдықта өмір сүрген адамдар екенін айғақтап тұрғандай. Десе де, бұл қандай адамдар? Қорымда кімдер жерленген? Және не себепті бас сүйектері үлкен? Көптің көкейіндегі сауалдарды алға тартып, мән-жайды анықтап көрген едік» деп жазады Арай газеті.

Жазуынша, ауылдың көнекөз қарияларының өзі мұнда кімдер жерленгенін білмейді екен. Тек, бұл аймақтарда 1937-1945 жылдары қорымдар болуы мүмкін деген болжам айтады. Жақ сүйектегі 16 тістің сау сақталғанына қарап, бұл адамдардың жерленгеніне ғасырдан аспаған деп болжанады. Бірақ, бассүйектері ерекше үлкендігі жұртты таңдандырған.

Ортағасырлық Бектөбе қалашығын зерттеп жүрген тарихшы Қуаныш Дәуренбеков зерттеу барысында осы маңның шаруашылық аймағы болғаны анықталғанын айтады.

«Бассүйектер неге үлкен деген мәселеге келсек, бір ғасыр бұрынғы адамдар шын мәнінде ірі болған ғой. Қазірдің өзінде алып денелі жігіттеріміз аз емес. Бұл бассүйектің бірі сондай азаматқа тиесілі болуы мүмкін. Тағы бір айта кетерлігі, біз Бектөбе қаласында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп жатқанда 2 түрік және 1 қытай азаматшасының қаңқаларын тапқанбыз. Бұл біздің бабаларымыздың өзге ұлт өкілдерімен отау құрғанын растап тұрғандай. Сол секілді, бәлкім Бектөбе ауылындағы сүйектер де осында көшіп келген өзге ұлт өкілдеріне тиесілі шығар. Бұның бәрінің анық-қанығына жету үшін арнайы археологиялық зерттеу жүргізу керек. Сонда ғана бір тоқтамға келуге болады, - дейді тарихшы».

Жалпы тарих беттерінде Бектөбе қалашығы атақты «Атлах» шайқасында арабтардың қорғаныс орталығы болған деген дерек бар. Осыны меңзей отырып тілші «бәлкім соның бірін Бектөбе ауылы да қойнауында жасырып жатқан шығар» деген пайымын да білдіреді.

Алақан жайғандар неге көбейіп барады?- «Атырау» газеті
null

«Атырау» газетінің жазуынша, қасиетті Рамазан айында қайыр сұраушылар ерекше көбейетіні әдетке айналғандай. Биыл да солай болған. Мақала авторы осындай қайыр сұраушылардың бірі туралы жазады. Әлгіндей сұраншақтардың біразы өз ұлтымыздан екен.

«Қазақпыз ғой, біз бір нәрседен қатты қорыққанда, садақа айтамыз. Біріміз бір мал шалып, ағайын-туысты үйге шақырсақ, екіншілеріміз мешітке барып, тиын-тебен тастаймыз. Ал, үшіншілеріміз базар мен банк, дүкен мен көшеде алақан жайып отырған қайыршыларға ақша ұсынамыз. Қайыр сұраушылар арасында арақ-шарап алу үшін отыратындар да жоқ емес. Тегінде садақа, шынымен-ақ, ішер асқа мұқтаждарға, дімкәс жандарға, бала-шағасы көп, ата-анасының бірі қайтқан, болмаса мүгедек отбасыларына тиісті. Бірақ, біз мұның байыбына бармай, зерделемей, «садақа бердік» деп, бір іс бітіргендей күйде жүреміз», деп жазады автор.

Сонымен қатар, мақалада жалпы садақа туралы жазылып, оған қатысты құсни хадистер көлдене тартылады. Осыған байланысты автор оқырмандар пікірін де берген. Олардың біразы «Дені сау жастардың қайыр сұрауы жөнсіз» дегенді айтыпты.

Қазақты сүю неден басталады? - «Орталық Қазақстан» газеті
null

«Көк Ту желбірегенде, Әнұран айтылғанда төбе құйқамыз шымырлап, алпыс екі тамырымызды қуалап, бойымызды билейтін Рух бар ма бізде? Тосылып қалдыңыз ба? Мен де. Әйтсе де, Әнұран шырқалғанда, әркім қалғып-мүлгіп, селсоқ тұратынын көрген сайын осы бір суық сауал көкейде сумаңдайды. Ұрандағанда делебесі қозып, атқа қонатын кешегі Ұлы дала ұрпағының Ту желбірегенде осынша ұнжырғасы неге түсіңкі? Өзге елдердің туы көтеріліп, әнұранын естігенде сол елдің азаматы ебіл-дебілі шығып жылайды. Кәдімгідей қызығасыз. Адамның өзінде жоққа қызығатыны рас екен. Өйткені, ащы шындыққа тәтті өтірікті араластырмай тура қарасақ, мұндай Рух бізге жетпейді».

«Орталық Қазақстан» газеті осылай жазады. Автордың пайымынша. Қазіргі қазақтың көпшілігінде «рухтың өзі түгілі, жұқанағы да жоқ». «Неге?» деген сұрақты да сараптайды автор. Жазуынша, Мемлекеттік рәмізге құрмет- елдіктің айғағы, ұлттығымызды ұлықтайтын бірден-бір кие, белгі. Қазақты сүю осыдан басталады. Бұл ретте автор 4 маусым Рәміздер күні болып белгіленгенімен, оның «ұйықтап қалған ұлттық белгілерге деген сезімді шырт оята алмағанын» айтады. Бұл ретте идеологияның әлі де болса қауқарлы жұмыс жасай алмай отырғанын меңзеп, кешегі Кеңестік кезеңмен салыстырады. Көрсетілген құрметтің бәрі ресмиленіп кеткеніне, шынайылықтың жоқтығына налиды.

«Соның салдары - Елтаңбамыз белгіленген тиын-тебенді жерде жатса, көтеруге қомсынып, басып өте шығуымыз. Білсеңіз, тиынды емес, Елтаңбамызды басып барамыз. Киемізді таптап өттік. Елтаңбаға құрметі жоғары азамат ондайға бармайды. Ең алдымен, ол тиынды ақша деп емес, елімнің елтаңбасы деп жерден алар еді. Міне, мәселе қайда?! Бұл күні осындай тәлім-тәрбие, ұстаным, қағидат жетіспейді. Қарнымызды аштырып, қанымызды қарайтатыны да - осы».

 

Соңғы жаңалықтар