Спорт саласындағы мамандардың санын арттыру көзделіп отыр - министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова еліміздегі мектептердегі спорт залдарының кеңінен пайдалану қадамдары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кешенді жоспарда өңірлік спорт басқармалары мен білім беру басқармалары халықтың барлық жас санаттарының спорт секцияларына қатысу мүмкіндігін көздеп, жалпы білім беретін мектептердің спорт залдарына қолжетімділікті қамтамасыз ету жөнінде меморандумдар жасау ескерілген. Бүгінде елімізде спорт залдары 5 428 жалпы білім беретін мектепте бар. Ең төменгі есептеулер бойынша ұсынылған спорт залдарында 20-ға жуық адам, орташа есеппен 1,5 сағаттан қосымша шұғылдана алады. Бұл жалпы алғанда 100 мыңнан астам адамды құрайды», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі онлайн баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, жоспарда халықпен жұмыс істеу үшін спорт бойынша нұсқаушылардың санын арттыру көзделіп отыр. Бүгінгі таңда ауылдық жерлерде 1 345 маманға қажеттілік бар. Бұл шара әсіресе ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

«Осы шараны іске асыру нәтижесінде - 600 мыңға жуық адам дене шынықтырумен және спортпен айналысуға тартылады», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Айта кетейік, Дене шынықтыру және бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылға арналған кешенді жоспары әзірленді. Бұл жоспарда мүдделі мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары толық ескерілiп, ҚР Премьер-Министрімен бекітілді.


Соңғы жаңалықтар