Спорт комитеті төрағасының бұрынғы және қазіргі орынбасарлары ұсталды
«Шығыс Қазақстан облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі сотқа дейінгі тергеу барысында аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру фактілері бойынша ҚР Қылмыстық-процессуалдық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру комитеті төрағасының бұрынғы және қазіргі орынбасарларын ұстап, Өскемен қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамады», - деді ол агенттік алаңында өткен онлайн брифинг барысында.
Оның атап өтуінше, ұсталғандардың біреуіне қатысты сот 2 ай мерзімге «қамауға алу» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
«Олар Риддер қаласындағы «Республикалық мамандандырылған олимпиадалық резервтік мектеп-интернаты» РММ-нің 300 орынға арналаған оқу корпусы» құрылыс нысанын салу кезінде іс жүзінде орындалмаған жұмыс үшін мердігердің шотына 380,8 млн теңге сомасында бюджет қаражатын аудару арқылы жымқырды деген күдікке ілінді», - деді Данияр Биғайдаров.
Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, тергеу мүдделері үшін басқа ақпарат жария етілмейді. Күдіктілерге қатысты түпкілікті шешімді олардың кінәсінің дәрежесін анықтай отырып, сот шешеді.